«Челсидегі» бәсеке: Дастан Сәтбаевтың негізгі қарсыластарының есімі аталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның Daily Mail басылымы 2026/27 жылғы маусым қарсаңында лондондық «Челсидегі» жоғары бәсекелестікке назар аударды, деп хабарлайды Sports.kz.
Басылым мәліметінше, команданың бас бапкері Хаби Алонсоның қарамағында негізгі құрамның 46 футболшысы бар. Жаңа трансферлерге байланысты бұл көрсеткіш әлі де артуы мүмкін.
Британдық журналистер Қазақстан құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтбаевқа да тоқталып, оның «Челсидің» шабуыл шебінде негізгі құрамнан орын алу үшін қатаң бәсекеге тап болатынын жазды.
— Бір жылдық жалдау мерзімінен кейін Николас Джексон шабуылшылар қатарына қайта қосылды. Сонымен қатар 2025 жылдың ақпанында келісімшартқа қол қойған, бірақ командаға тек биылғы тамызда қосылатын Қазақстанның жас жұлдызы Дастан Сәтбаев та келеді, — деп жазады Daily Mail.
Басылым Сәтбаевтың Хаби Алонсоның жетекшілігімен маусым алдындағы дайындық матчтарына қатысқанына қарамастан, әзірге клубтың ресми сайтындағы негізгі құрам тізіміне енбегенін де атап өтті.
— Сәтбаев Алонсоның қол астында алаңға шыққанына қарамастан, клубтың ресми сайтындағы негізгі құрам тізімінде жоқ, — делінген мақалада.
Басылымның жазуынша, қазақстандық футболшының шабуылдағы басты бәсекелестері — Жоао Педро, Лиам Делап, Марк Гиу, Дэнни Уэлбек, Эмануэль Эмега және жалдау мерзімінен оралған Николас Джексон.
Daily Mail пікірінше, «Челси» басшылығы құрамдағы футболшылар санын қысқарту үшін бірқатар ойыншыларды сатуы немесе жалға жіберуі керек. Кейбір позицияларда бір орынға сегізге дейін футболшы таласып отыр.
Сонымен қатар Михаил Мудриктің допинг ісі аяқталғаннан кейін командаға оралуы да Хаби Алонсо үшін қосымша қиындық туғызған. Украиналық вингер қайтадан «Челсимен» жаттығып, шабуылдағы ойын уақытына үміткерлер қатарына қосылды.
Қазірдің өзінде бірнеше футболшы клубтан кетуі мүмкін. «Челси» Трево Чалобаны «Комоға» ауыстыру мәселесін талқылап жатыр, ал Аксель Дисасиге «Кристал Пэлас» пен «Вест Хэм» қызығушылық танытып отыр.
Осылайша, Дастан Сәтбаев «Челсидегі» кәсіби мансабын өте жоғары бәсекелестік жағдайында бастамақ. Енді Хаби Алонсо қазақстандық шабуылшыны негізгі құрамда қалдыру, жастар командасында ойнату немесе уақытша жалға жіберу мәселесін шешуі тиіс.