Чемпиондар лигасы: «Қайрат» алғашқы кездесуінде «Омонияға» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін қазақстандық «Қайрат» (Алматы) футболдан UEFA Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» (Никосия) клубымен кездесті.
Ойын барысында командалар алғашқы минуттан гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Нәтижесінде кипрлік клуб сапынан Панайотис Андреу 13-минутта есеп ашты. Ойынның 33-минутында олардың қатарынан Лоик Него қызыл қағазбен алаңнан қуылды.
Қазақстандық команданың есепті теңестіретін бірнеше мүмкіндігі болды. Соған қарамастан таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Осылайша алматылық команда қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.
Енді қарымта кездесу 29 шілдеге белгіленген.
Командалар бұдан бұрын 2021/2022 жылғы маусымда Конференция лигасы топтық кезеңінде өзара шеберлік байқасты. Екі кездесуде де есеп ашылған жоқ.
Қазақстандық команда Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңіне шыққан жағдайда «Левски» (Болгария) - «Университатя Крайова» (Румыния) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Егер екінші іріктеу кезеңінде қарсыласына есе жіберген жағдайда «Қайрат» Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінде «Мьельбю» (Швеция) - «Линкольн Ред Импс» (Гибралтар) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Айта кетсек, алматылық клуб өткен маусымда Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінде Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2, Грекияның «Олимпиакосына» 0:1, Данияның «Копенгагеніне» 2:3, Бельгияның «Брюггесііне» 1:4, Англияның «Арсеналына» 2:3 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.