Чемпиондар лигасы: «Қайрат» бүгін сырт алаңда «Омониямен» кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін қазақстандық «Қайрат» (Алматы) футболдан UEFA Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» (Никосия) клубымен кездеседі.
Бұл кездесу бүгін, 22 шілдеде Қазақстан уақытымен 22:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Жанкүйерлер «Омонияны» Кипрдегі ең танымал және жүлдеге көп қол жеткізген команда ретінде жақсы біледі. Ел астанасы - Никосия атынан сынға түсетін клуб 1948 жылы құрылған. Қазірге дейін 22 мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізсе, 16 мәрте ұлттық кубокты төбесіне көтерді. Соңғы рет былтыр чемпиондық тұғырға көтерілді. Оған дейін үш жыл бойы ешқандай трофейге қол жеткізе алған жоқ.
Екі команда 2021/2022 жылғы маусымда Конференция лигасы топтық кезеңінде бір-бірімен кездескен еді. Екі ойында да есеп ашылған жоқ. Екі команда да топтық кезеңнен әріге аса алмады. Сол уақытта командада ойын көрсеткен голкипер Фабиано, қорғаушы Николас Панайоту, шабуылшы Андроникос Какуллис орнын сақтап қалды. Кипрлік клубтың қазіргі капитаны Иоаннис Кусулос алған жарақаты салдарынан бес жыл бұрын екі кездесуден де тыс қалып қойды.
Қазақстандық команда Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңіне шыққан жағдайда «Левски» (Болгария) - «Университатя Крайова» (Румыния) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Оған дейін 22 және 29 шілде күндері алматылық клуб екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» клубымен шеберлік байқасады.
Егер екінші іріктеу кезеңінде қарсыласына есе жіберген жағдайда «Қайрат» Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінде «Мьельбю» (Швеция) - «Линкольн Ред Импс» (Гибралтар) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Айта кетсек, алматылық клуб өткен маусымда Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінде Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2, Грекияның «Олимпиакосына» 0:1, Данияның «Копенгагеніне» 2:3, Бельгияның «Брюггесііне» 1:4, Англияның «Арсеналына» 2:3 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.