Чемпиондар лигасы: «Қайраттың» алдағы қарсыласы — «Арсенал» жайлы не білеміз

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform тілшісі алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңі сегізінші турында ойнайтын Англияның «Арсенал» (Лондон) командасы жайында жан-жақты таразылап көрді. 

Чемпиондар лигасы: «Қайраттың» алдағы қарсыласы — «Арсенал» жайлы не білеміз
Фото: Arsenal.com

Лондондық клуб әлемдегі беделді ұжымдардың бірі ретінде бағаланады. Команданың тарихы тым тереңде жатыр. Биыл «Арсеналдың» құрылғанына қазан айында 140 жыл толады. 1886 жылдан бері команда 13 мәрте Англия чемпионы атағын жеңіп алды. Оған қоса 14 мәрте Англия кубогын төбесіне көтерсе, 17 мәрте Англия суперкубогына ие болды. Еуропа кубок иелері және Жәрмеңке кубоктарында бір-бір мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілді.

Жанкүйерлер франциялық белгілі маман Арсен Венгер командаға жетекшілік еткен 1996-2018 жылдардағы кезеңді жақсы біледі. Оның басшылығымен команда бірнеше мәрте чемпиондық атаққа ие болса, үнемі үздіктер қатарынан көрінді.

2019 жылдан бері «Арсенал» тізгінін испаниялық маман Микель Артета қолға ұстады. Бұл кезеңде команда Англия Премьер-лигасында ортанқол ұжымдар қатарында жүрген еді. Алғашқы жылдары лондондық клуб сегізінші орынды місе тұтты. Сол кезеңде Англия кубогында олар «Челсиді» жеңіп, жанкүйерлер алдында беделі өсті. Одан кейінгі екі жылда да команданың жағдайы оңала қойған жоқ. Ал 2022/23 жылғы маусымда жеті жылдан кейін алғаш рет екінші орынға табан тіреді. Бұл жетістігін кейінгі екі жылда қайталады. Десе де әзірге Микель Артетаның шәкірттері әзірге жеңімпаз тұғырынан көріне алмай келеді.

Биыл «Арсенал» Англия Премьер-лигасында бірінші орында келеді. Команда 23 турдан кейін 50 ұпай жинап, көш тізгінін ешкімге берер емес. Дегенмен соңғы үш турда жеңістің кілтін таба алмай келеді. Екі мәрте тең түсіп, бір мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Салдарынан турнир кестесінде өкшелеп келе жатқан «Манчестер Сити» мен «Астон Вилла» қуып жетуге жақын тұр. Енді лондондық клуб үшін қателесуге жол жоқ.

Сондай-ақ олар Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінде бірде-бір ұпай жоғалтпады. Барлық ойында қарсыластарын қапы қалдырды. Ағылшындық команда жарыс барысында Испанияның «Атлетик Бильбао» (2:0), Грекияның «Олимпиакос» (2:0), Испанияның «Атлетико Мадрид» (4:0), Чехияның «Славия» (3:0), Германияның «Бавария» (3:1), Бельгияның «Брюгге» (3:0), Италияның «Интер» (3:1) клубтарынан басым түсті. Осылайша олар бірден аталған турнирдің 1/8 финалына жолдама алып үлгерді.

Команданың негізгі стадионы «Эмирейтс» стадионы 60 мыңнан астам жанкүйерді емін-еркін сыйдыра алады. UEFA-ның төртінші санатына ие болған спорттық кешен 2004 жылы пайдалануға берілген еді.

Англиялық клуб сапында көптеген белгілі футболшы бар. Олардың бірқатары өз елінде ұлттық құрама намысын қорғайды. Қақпашы міндеті Давид Райя мен Кепа Аррисабалагаға жүктелген.

Алғашқы Испания құрамасында ойнаса, екіншісі бұдан бұрынғы жылдары сол құрама сапында жасыл алаңға шыққан еді. Бүгінде Испанияның жастар құрамасында ойын көрсетіп жүрген қорғаушы Кристиан Москера да өткен жылдан бастап «Арсеналдың» жейдесін киді.

Сондай-ақ Англия құрамасының үздіктері Букайо Сака сегіз жылдан бері «Арсеналдан» ауысқан емес. Норвегиялық футболшы Мартин Эдегордың да лондондық клуб сапында жүргеніне биыл бесінші жылға жуықтады. Кезінде Бразилия ұлттық құрамасының шабуыл шебін нығайтқан Габриэль Жезус команда құрамына 2022 жылы қосылды. Сол елдің ұлттық құрамасында ойнайтын Габриэл Мартинелли «Арсеналдың» шабуыл шебін нығайтты. Швециялық Виктор Дьёкереш, испаниялық Микель Мерино, Мартин Субименди, германиялық Кай Хаверц, англиялық Деклан Райс лондондық клубтың жетістігіне үлес қосып келеді.

Кездесу 28 қаңтардан 29-на қараған түні сағат 1:00–де Англия астанасы Лондон қаласындағы «Эмирейтс» стадионында басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бұл міндетті швейцариялық келген Урс Шнидер бастаған төрешілер бригадасы атқаратын болады. Оған отандастары Марко Цюрхер мен Беньямин Цюрхер көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Свен Вольфенсбергер.

Осыған дейін негізгі кезеңде «Қайрат» Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2, Грекияның «Олимпиакосына» 0:1, Данияның «Копенгагеніне» 2:3, Бельгияның «Брюггесііне» 1:4 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.

Ағылшындық команда жарыс барысында Испанияның «Атлетик Бильбао» (2:0), Грекияның «Олимпиакос» (2:0), Испанияның «Атлетико Мадрид» (4:0), Чехияның «Славия» (3:0), Германияның «Бавария» (3:1), Бельгияның «Брюгге» (3:0), Италияның «Интер» (3:1) клубтарынан басым түсті. 

Соңғы жаңалықтар