Чемпиондар лигасы: «Бавария» «Бешикташқа» бір сағатта бес гол соқты
Өз алаңында Түркияның «Бешикташ» командасын қабылдаған «Бавария» айтулы қарсылыққа душар болған жоқ. Есесіне осы ойында голдар да көп болды. Қонақтар сапында қорғаушы Домагой Вида 16-минутта тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Тайм аяқталарда шабуылшы Томас Мюллер есеп ашып, алаң иелерін алға бастады.
Екінші таймның басынан аяғына дейін мюнхендік ұжым гол соғумен болды: алдымен Кингсли Коман есепті 2:0-ге жеткізді, кейін Т. Мюллер дублін тойлады, 79-шы және 88-минутта Роберт Левандовски де екі гол соғып, «Баварияның» іс жүзінде келесі айналымға өтуін қамтамасыз етті. 14 наурызда өтетін жауап кездесуінде түркиялық команданың мүмкіндігі тым азайып кетті.
Еурофутбол аптасының орталық кездесуі саналған «Челси» - «Барселона» командалары бүгін ымырамен тарасты. Бірінші тайм Испаниядан келген қонақтардың толық үстемдігімен өтті, мұны допқа иелік ету көрсеткішінің 29%-ға 71% болғанынан да аңғаруға болады. Бірақ қонақтар мұны есептегі үстемдікке айналдыра алмады.
Екінші таймда ағылшындық футболға тән жылдам шабуылдан кейін Виллиан гол соғып, «Челси» жанкүйерлерін қуантты. Алайда бұл қуаныш көпке созылмады, 75-минутта Андрес Иньестадан пас алған әлемнің үздік футболшыларының бірі Лионель Месси допты қақпаның төменгі бұрышына тоғыта салды. Ойын ары қарай «ашулы» реңк ала түсті. Айналасы он бес минутта төрт сары қағаздың көрсетілуі де осыны растаса керек. Дегенмен командалар басқа гол соға алмай, ширек финал мәселесін «Ноу Камп» стадионында шешуге келісті.