Чэндуда қазақ асханасын ашқан жас отбасы - шетелдегі қазақ баспасөзі

қазақтар
Фото: mp.weixin.qq.com

«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Стамбул халық санымен 131 елді артта қалдырды «TRT»

Стамбул Новый год
Фото: ТРТ порталы

Түркия Статистика мекемесі мен БҰҰ Халық қоныстану қорының деректеріне қарағанда, Стамбулдың халық саны 2023 жылы алдынғы жылмен салыстырғанда 252 мың 72 адам азайып, 15 миллион 655 мың 924 болғанына қарамастан халық санымен әлемдегі 131 елді артта қалдырды, деп хабарлады Түркия Радио Телевизия порталы

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, аталған қалада Түркия халқының 18,34 пайызы тұрады. Олардың 7,8 миллионы – ер адамдар, 7,84 миллионы – әйел азаматтар.

«Еуропаның халқы ең көп қаласы болып саналатын Стамбул 131 елден де асып түседі. Португалия мен Венгрия 10,2 миллион, Тунис 12,5 миллион, Бельгия 11,7 миллион халқымен Стамбулдың артында қалған», деп жазады «TRT».

Көшпенділер ойыны: Ресми түрде спорттық сайыстар түрі бекітілді - «Халық газеті»

ат спорты
Фото: kaz.people.cn

2024 жылы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында ұйымдастырылатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық сайыстары ресми түрде бекітілді.

ҚР Туризм және Спорт министрлігі мәлім еткендей, Дүниежүзілік көшпенділер ойынында спорттың 20 түрінен кіл мықтылар анықталады.

Бұл туралы қытайлық «Халық газеті» басылымы хабарлайды.

Атап айтсақ, асық ату, ордо, арқан тартыс, бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, алыш, кураш, ашыртмалы аба гюреши, ссирым, мас-рестлинг, Powerfull nomad (күштілердің сайысы), тоғызқұмалақ, мангала, овари, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, құсбегіліктен сайыстар өтеді.

Сонымен қатар, 10 көрнекі спорт сайысынан жарыстар өткізу жоспарланған.

Көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі «Астана Арена» стадионында өтеді.

Өзбекстан мен Қазақстан Премьер-Министрлері телефон арқылы сөйлесті - «ӨзА»

Ташкент
Фото: Kazinform

6 ақпанда Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Аталған басылымның дерегінше, сұхбат басында Өзбекстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновті Қазақстанның Премьер-Министрі лауазымына тағайындалғанымен құттықтаған.

«Сондай-ақ Мемлекет басшылары Өзбекстан-Қазақстан стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын одан әрі дамыту бойынша үкіметтердің алдына қойылған маңызды міндеттер тығыз ынтымақтастықта жүзеге асатынына сенім білдірді», деп жазды өзбекстандық БАҚ.

Сондай-ақ, бұған дейін Өзбекстан Премьер-Министрі қазақстандық әріптесіне бұл қызметке бекітілуіне байланысты құттықтау хатын да жолдаған екен.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан пияз экспорты бойынша топ-5 елдің қатарына енді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды

Басылымның мәліметінше, Өзбекстан пияз экспорты бойынша әлемдегі ең ірі 5 экспорттаушының қатарына кірген.

ӨР Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, өткен маусымның қорытындысы бойынша Өзбекстан жылына 250 мың тоннаға дейін пияз экспорттайтын әлемдегі 10 елдің қатарына енді.

Мамандар биылғы жылдың соңына дейін Өзбекстанда пияз экспорты рекордтық көрсеткішке жетіп, алғаш рет 300 мың тоннадан асады деп болжап отыр.

Чэндуда қазақ асханасын ашқан жас отбасы бар - CNR

қазақтар
Фото: mp.weixin.qq.com

Қытайдың ең ірі мегаполистарының бірі Чэнду қаласында қазақтың ұлттық тағамдарын дайындайтын асхана бар, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы». 

Аталған басылымның дерегінше, асхананың қожайыны - жас жұбайлар Қасен мен Жұлдыз. Олардың Чэнду қаласына қоныс аударып, кәсіп істеп жатқандарына 3 жылдан асты. Қасен мен Жұлдыз алғаш рет Чэнду қаласына демалуға қыдырып келеді. Аталған қаланың ерекше тартымдылығы оларды өзіне баурайды. Жас жұбайлар бұл қалада барлығы бар болғанымен, қазақтың асханасы жоқ екенін байқайды. Олар осы олқылықтың орнын өзіміз толтырсақ деген ойға келеді. Сөйтіп екеуі жұмыстарын бастап кетеді. Бұрын кәсіптің бұл түрімен айналысып көрмесе де, аз уақыттан кейін қазақтың ұлттық тағамдары бірге басқа да тамақтарды жасауды үйреніп алады. Олар қазіргі уақытта астың қандай түрлері болса да жасай алатын болған. Жұлдыздың айтуынша, бешбармақ яғни ет асу секілді асхананың негізгі тамақтарын Қасен әзірлейді. Ал бауырсақ, лағман сияқты ас түрлерін Жұлдыздың өзі дайындайды екен. Олардың бұл асханасында қазақтың әртүрлі ұлттық ас түрлерімен бірге Еуропа тағамдары да дайындалады.

Айта кетейік, 20 миллионнан астам халқы бар Чэнду қаласы - Қытайдың Сычуань провинциясының орталығы. Бұл Қытайдағы халқы ең көп төртінші ірі қала.

2000-ға жуық малы бар қандасымыз мемлекеттік марапат алды - Janadauir.com

Моңғолияның Дэлүүн ауданында тұратын Өмірбек Солтақанұлы атты қандасымыз «Мемлекеттік саңлақ малшы» атанды.

«Janadauir» басылымның мәліметіне сүйенсек, Дэлүүн сұмын (ауданы), 7-бақ тұрғыны Өмірбек мал шаруашылығымен ұзақ уақыттан бері айналысады. Өткен жылы оның малының жалпы саны 2 мыңға жуықтап, жақында «Мемлекеттік саңлақ малшы» атағын иеленген.

Оның әкесі Солтақан Қарабалаұлы мал шаруашылығымен қатар аңшылықты да кәсіп еткен, елге сыйлы ақсақал болған. Ал, анасы Қайрол Зиқанқызы - 3 қыз, 5 ұл тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Іргесінен жүйрігі, желісінен құлыны кісінеген, мал мен басы қатар өсіп, құт қонып, қыдыр дарыған Солтақан әулетінің қара шаңырағында қазір кенже ұлы Өмірбек ата кәсіпті жалғастырып жүр. Малшының жұбайы төрт баланың анасы Каусар Камессияқызы аталмыш бақтың кіші дәрігері болып қызмет атқарады.

Аталған басылым «Мемлекеттік саңлақ малшы» атанған Өмірбек Солтақанұлынан сұхбат алған. Онда үздік бақташы осыншама көп малды бағудың қиындықтары мен қызықты тұстарын айтып берген. Ол сондай-ақ тілшіге табиғаты қатал өңірде мал бағудың қыр-сырымен бөліскен.

Айта кетейік, ата жолын қуып, мал шаруашылығымен айналысқан Өмірбек өткен жылы 100-ге тарта жылқы, 200 сиыр, 400 қой, 1 000-нан астам ешкісін санатқан.

Малшы әңгіме барысында жылына 80-90 сиыры төлдеп отыратынын айтты.

Қазақстан Катардың инвестиция салуын қолдайды - «Parstoday»

доллары
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Катармен инвестиция салуды қолдау және ынталандыру туралы келісімге қол қойды.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған ақпарат агенттігінің хабарлауынша, келісімнің мақсаты инвестициялық жобаларды орындауға қолайлы жағдай жасау арқылы тараптар арасында экономикалық ынтымақтастықты арттыру болып отыр.

Бұл келісім экономикалық Ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары, БҰҰ-ның сауда және даму конференциясының принциптері және Дүниежүзілік банктің ұсыныстарына сәйкес дайындалды. Мұнымен қоса, келісімнің белгілі бір шеңбері бар. Онда екі елдің территориясында инвестициялық жобаларды орындау кезінде инвесторлардың құқықтарын халықаралық деңгейде кепілдендіру қарастырылған.

Ғарышкерлердің жерге оралуы кейінге қалдырылды - TRT

ғарыштан мониторинг
Фото: freepik

Ғарышкерлердің жерге оралуы ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге қалдырылды, деп хабарлады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, құрамында Түркияның тұңғыш ғарышкері Алпер Гезеравжы бар «Axiom-3» командасының Жерге оралуы қайтадан кешікті. Ғарышкерлердің Жерге оралуының кешігуіне ауа райының қолайсыздығы себеп болған.

Бұл туралы «SpaceX» компаниясы Халықаралық ғарыш стансасынан хабарлаған.

«Хабарламада «Америка Құрама Штаттарының Флорида штатында ауа райының қолайсыздығына байланысты ғарышкерлер Халықаралық ғарыш стансасынан шығуын кешіктірді. Ауа райын бақылауды жалғастырамыз» деп жазады «TRT».

Соңғы жаңалықтар