Chevron «Лукойлдың» шетелдік активтерін сатып алу мүмкіндігін қарастырып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Chevron компаниясы АҚШ санкция салған ресейлік мұнай өндірушімен келіссөз жүргізуге мүмкіндік беретін лицензия бергеннен кейін «Лукойлдың» шетелдік активтерінің бір бөлігін сатып алу мүмкіндігін зерттеп жатыр, деп хабарлайды MSN.

Chevron
Фото: chevron.com

21 қарашада АҚШ-тың ресейлік компанияға қарсы санкциялары толық күшіне енеді. Алайда жұма күні АҚШ Қаржы министрлігі америкалық компанияларға 13 желтоқсанға дейін «Лукойлдың» шетелдік активтерін сатып алуын талқылауға мүмкіндік беретін лицензия берді.

Reuters дереккөздерінің мәліметінше, Chevron «Лукойлдың» өз мүдделеріне сай келетін активтерін сатып алуды қарастырып жатыр.

Негізгі активтердің бірі – «Лукойлдың» Ирактың «Батыс Курна-2» мұнай кен орнындағы 75% үлесі. Бұған дейін Иракта Chevron компаниясының мүмкіндіктері шектеулі еді, бірақ 2025 жылдың тамыз айында Насирия және Балад кен орындарын игеру туралы келісімдерге қол қою арқылы қатысуын кеңейтті.

Ирак үкіметі АҚШ пен Ұлыбританияның санкцияларына сәйкес Ресей мұнай компаниясына төлемдерді тоқтатқаннан кейін «Лукойл» өткен аптада «Батыс Курна-2» кен орнында форс-мажорлық жағдай туралы жариялады.

Ирак шенеуніктерінің атап өтуінше, «Лукойл» холдингіне кем дегенде үш компания – бір қытайлық және екі батыстық қызығушылық танытып отыр.

Бұған дейін «Лукойл» шетелдік активтерін сатуға келіскенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар