«Чхонан» корветінің төңірегіндегі шиеленісті жұмсарту қажет - Вэнь Цзябао
Бұл туралы жексенбі күні Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао Чеджудо аралында Корея Республикасының президенті Ли Мён Бакпен және Жапония премьері Юкио Хатоямамен болған кездесуден кейінгі бірлескен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Қазіргі таңдағы ең өзекті міндет -«Чхонан» корветімен байланысты оқиғадан кейін туындап отырған күрделі жағдайды жұмсарту және қақтығысқа жол бермеу болуы керек», деді Қытай премьері өз сөзінде. Вэнь Цзябао сондай-ақ, «Солтүстік-Шығыс Азия елдері өңірде тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге талпынуы керек екенін» жеткізді.
Оңтүстіккорейлік «Чхонан» корветі наурыздың 26-сында Сары теңізде суға батып кеткен болатын. Оқиға салдарынан 46 теңізші опат болды. Халықаралық тексеру комиссиясы, қайғылы оқиға Солтүстік Кореяның сүңгуір қайығынан жіберілген торпеданың салдарынан орын алды, деген қорытындыға келсе, Пхеньян бұл оқиғаға өзінің қатысы жоқ екенін үзілді-кесілді мәлім етуде.