Чилиде президент сайлауының екінші туры басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбіде Чилиде президент сайлауының екінші турындағы дауыс беру басталды. Мемлекет басшысы лауазымына солшыл күштер коалициясынан үміткер Жанетт Хара және консервативтік республикалық партияның кандидаты Хосе Антонио Каст таласып отыр, деп жазады Синьхуа.
Чили Сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 08:00-де (Гринвич уақытымен 11:00) басталып, сол күні 18:00-де (Гринвич уақытымен 21:00) аяқталады. Сайлауға 15 миллионнан астам тіркелген сайлаушы қатысуға құқылы.
Екінші турда ең көп дауыс жинаған кандидат жеңіске жетеді. Сайланған президент келесі жылдың 11 наурызында қызметіне кіріседі.
16 қарашада өткен бірінші турда үміткерлердің ешқайсысы 50 пайыздан астам дауыс жинай алмаған. Соның нәтижесінде екінші турға тиісінше 26,85 пайыз және 23,92 пайыз дауыс жинаған Жанетт Хара мен Хосе Антонио Каст өтті.
Екі кандидат та сайлауалды бағдарламаларында әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту, заңсыз көші-қон мәселесін шешу және сайлаушыларды алаңдататын өзге де маңызды тақырыптарға басымдық беріп отыр.
Бұдан бұрын Чилиде президент сайлауының екінші туры өтетінін жазғанбыз. Қазіргі мемлекет басшысы Габриэль Борич Конституцияға сәйкес қатарынан екінші мерзімге түсе алмады.