Цифрландыру жұмыстарымен кәсіби мамандар айналысуы керек
Павлодарда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың айтуынша, аймақтағы цифрландыру жұмыстары мемлекеттік бағдарламаның барлық бағыттары бойынша атқарылуда.
«Қызмет көрсетуді оңтайландыру және автоматтандыру қарастырылған. Қазірдің өзінде электронды форматта 38 пайыз қызмет көрсетіледі, 2022 жылға қарай жоспар 85 пайызға жетеді»,-деді ол.
Павлодардағы цифрландыру жұмыстарымен Инвестиция тару жөніндегі агенттік айналысады. Жиынға «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингінің өкілі Қуат Сағадиев қатысты. Ол ГИС бірыңғай картасы туралы пилоттық шешімді ұсынды.
«Павлодар облысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда көш бастап тұрған өңірлер қатарында. Біз барлық салаға көмек көрсетуге дайынбыз»,-деді ол.
Кездесу соңында облыс әкімі Болат Бақауов елдегі цифрландыру жұмыстарын айшықтауда мемлекеттік қызметкерлер алдыңғы қатардан көрінуі керек екендігі айтты.
«Цифрландыру ескірген қызмет көрсету жұмыстарын жеңілдетеді. Қағазбен жүретін құжат айналымы келмеске кетеді. Бұл шешім қабылдау жұмыстарын барынша ашық көрсетеді. Цифрландырумен ақша қуған пысықтар емес, нағыз кәсіби мамандар айналысуы керек»,-деді әкім.