Цифрлық білім берудің жаңа моделін әзірлеу қажет - Нұралы Құдайбергенұлы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанды цифрландыру үшін цифрлық білім берудің жаңа моделін әзірлеу қажет. Мұндай пікірді Инновациялық интеллектуалды технологиялар академиясының бас директоры Нұралы Құдайбергенұлы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі күнің ең басты мәселесі - бұл болашақ мамандарды дайындау. Ал қазіргі кездегі ең көкейкесті қажетті мамандардың бірі ІТ саласында болып отыр.
«Солардың ішінде «Цифрлық Қазақстанды» жасайтын, цифрландыруға қатысып, басы-қасында жүретін, іске асыратын мамандар керек. Жалпы, бұл бағытта елімізде дүниежүзілік тәжірибе ескеріле отырып, қарқынды әрі жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Айталық, «Нұр Отан» партиясы Қазақстандағы, шетелдегі білікті мамандардың басын қосып, цифрландырудың басым бағыттары мен ІТ біліктіліктің қажеттілігі жайында үлкен онлайн конференция өткізді. Алқалы жиынға қатысқан мамандар «заманауи цифрлық Қазақстанды жасауда және цифрландыру мамандарын дайындаудағы ең басты бағыттардың бірін мектептен бастау қажет» деген ортақ пікірге келді», - деді Нұралы Құдайбергенұлы.
Оның атап өтуінше, бүгінгі күні еліміздің орта білім беретін мектептерінде ІТ мамандарын дайындайтын арнайы орталықтар, ІТ-сыныптар ашылып жатыр. Ендігі мақсат сол сыныптарға балаларды барынша көптеп тарту қажет. Мәселен, аталған сыныпта ондаған мың бала ІТ саласы бойынша білікті маман болып шықса, онда оны үлкен жетістік деп айтуға болады.
Жалпы, бүгінде мектепте компьютерлік бағдарламалауды үйретететін халықаралық тәжірибе жеткілікті. Мәселен, француздық миллиардер Ксавьер Нил ашқан «42» деп аталатын коммерциялық емес мектеп жұмыс істейді. Бүгінде аталған мектептің филиалдары Франция, Америка, Оңтүстік Африка және өзге де мемлекеттерде ашылған. Онда 18-бен 30 жас аралығындағы компьютерлік бағдарламалаудан еш тәжірибесі жоқ қыз-жігіттер тегін оқып, саланың қыр-сырын меңгереді.
«Бұл мектептің жетістігі мен қатар әлсіз тұсы да бар. Мықты тұсына тоқталсам, жастарға тегін білім беріледі және ең соңғы техникалық құралдармен жабдықталып, барлық жағдай жасалған. Онда мұғалім, де, арнайы бағдарлама да жоқ. Жастар өз беттерінше ізденеді, үйренеді. Ал әлсіз жағына келетін болса, ол жерде бағдарламаны үйреніп шыққан жастардың қоғамда өз орнын табуда кемшін тұстары бар. Айталық, 2012 жылдан бергі 5-6 жылдың ішінде осы мектептерді бірнеше мың бала бітіріп шықса да Facebook , Google сынды мықты компанияларда жұмысқа тұрған, тың жобалар жасаған бірі жоқ», - деді Нұралы Құдайбергенұлы.
Осы орайда ғалым балалардың қабілеті мен мүмкіндіктерін аша отырып, экономикамызға қажетті білікті мамандарды дайындау мәселесі жан-жақты зерделеніп, талданғанын атап өтті.
«Талдау негізінде цифрлық білім берудің жаңа моделін әзірледік. Модельдің ерекшелігі аудандарда арнайы ІТ орталықтар, сыныптар ашуды көздейді. Сол жерлерде өзіміз дайындаған бағдарламамен ІТ маманын дайындау қолға алынады. Жалпы, біздің басты мақсатымыз - балалардың бойындағы таланттың көзін ашу, жаны қалайтын ІТ мамандыққа машықтандырып, бақытты ету. Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» демекші, дүниедегі өз орнын, қоғамдағы өз орнын тапқан адам бақытты»,- деді Академия басшысы.
Н.Құдайбергенұлының айтуынша, балаларды объекті-бағытталған бағдарлама жазу сияқты деңгейден субъекті-бағытталған компьютерлік жобалаумен, қазіргі заманғы цифрлық технологияларға сай оқыту қажет. Бұл ретте ең маңыздысы - балалардың тек қана компьютерлік код жазуы емес, мәлеле шешетін, нәтиже беретін, қоғамға қажетті жұмыстарды атқара білетін азамат тәрбиелеу.
«Айталық, бір ауданның әкімшілігін ақпараттандыру, автоматтандыру немесе оны бағдарламамен қамтып, автоматтық жүйе жасау керек делік. Демек, бізге сол жүйені жасай алатын мамандар дайындау арқылы мәселені шешу қажет. Бүгінгі ІТ маманы стратегиялық ойлап, тактикалық есептерді шеше алуы, мәселені ақпараттық технологиялардың соңғы жетістіктерімен қалай шешу керектігін, жобаларды қалай жасау керектігін, оған қандай платформаларды пайдалануды білуі тиіс. Сонда ғана біз дұрыс бағытта ілгерілейміз. Дәл осы мәселелерді шешу үшін арнайы бағдарлама әзірледік. Бұл бір жағынан болашақ мамандарды мектептен бастап дайындауды көздеп отырған «Нұр Отан» партиясының үлкен стратегиялық бағыты. Міне осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз», - деді ол.
Оның атап өтуінше, өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа Қызылорда қаласындағы бір мектепте ашылған ІТ сынып таныстырылған.
«Сол кезде Мәулен Сағатұлына «Нұр Отан» партиясының алған бағытының тереңдігін, маңыздылығын мүмкіндігінше ашып көрсетуге тырыстық. Компьютерлік бағдалама жасау, ақпараттандыру саласындағы мамандар мен жүйелік инженерлерді дайындаудағы үлкен бастама екендігін көрсеттік. Мәулен Сағатұлы оған дән риза болып, мені Астанаға осы сала бойынша «Нұр Отанға» шақырған болатын. Енді осы салаға ерекше көңіл бөліп, жас мамандарды дайындау саласында жаңа бағыттар, ұсыныстар дайындап отырмын», - деді Нұралы Құдайбергенұлы.
Мұнан бөлек ол қазіргі кезде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің заманауи лабораториялармен, компьютерлермен, робот техникасымен, өз қолдарымен әртүрлі зат жасай алатын сыныптармен жабдықталғанын ескере отырып, жалпы орта мектептерге сол үлгіні тарату мәселесін шешу үшін жаңа жоба жасаған. Сол жоба бойынша «Ғылыми сынып», «Цифрлық сынып», «Креативті сынып» кабинеттері қарастырылған. Қаржылық тиімді, сапалық дәрежесі жоғары, инновациялық деңгейі биік шешім. Жалпы, бұл білім беру саласында республикалық деңгейде жүзеге асырылып, балаларды болашақтағы қажетті мамандықтарға баулудағы қосар үлестің бірі болары айқын.
«Осы ретте Білім және ғылым министрі қызметіне Күләш Шәмшидинованың тағайындалуы қуантарлық жайт. Ол «Назарбаев зияткерлік мектептері» құрылған сәттен басшылықта болып, мектептің құрылысын, жабдықталуын, барлық оқу бағдарламаларын бекітіп, жоғары әлемдік деңгейге көтере алды. Енді министр болып тағайындалғаннан кейін білім саласында әсерлі, өте үлкен өзгерістер болады және бұл саланың мән-мағынасы, дәрежесі жағынан жаңа белеске көтеріледі деген үмітіміз бар. Осы ретте Күләш Ноғатайқызына бұл істе үлкен табыс және нәтижелі еңбегінің жемісін көруін тілейміз», - деді ғалым.