CҚО-да АИТВ диагнозымен 500-ден астам адам тұрып жатыр (ФОТО)
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық дәрігерлер Қазақстанда 10 қараша күні басталған ЖИТС-пен (Жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы) күрес айлығының аясында белсенді жұмыс істеуде. Ақпараттық жұмыс негізінен қауіп тобына жататындардың арасында жүргізіліп жатыр. Әдеттегідей, бұлар - нашақорлар мен салауатты өмір салтын ұстанбаған адамдар.
«Бүгінде облыста АИТВ (ағзадағы иммун тапшылығы синдромы) жұқтырған 500-ден астам адам есепте тұр, соның ішінде 60-ы биыл анықталды. Негізінен бұл 20-39 жас аралығындағы ер адамдар. АИТВ індеті қалалықтардың да, ауыл тұрғындарының да арасында тіркелуде. Дертке шалдыққандардың жартысы АИТВ-ны есірткі немесе басқа психикалық белсенді құралдарды тамырға егу арқылы жұқтырған. Сонымен бірге, біздің облысымызда бұл індетті жыныстық жолмен жұқтыру көрсеткіші де жыл сайын өсіп келеді», - деді ЖИТС-пен күрес және алдын алу бойынша облыстық орталықтың төрайымы Любовь Бунина.
Дәрігерлер ЖИТС-тен сауығып кету мүмкіндігі жоқ екенін, бірақ АИТВ індетін жұқтыруға жол бермеу мүмкіндігі бар екенін айтып отыр. Дәрігерлер өмір салты туралы ойланып, денсаулықты күтуді кеңес етеді. Қажеттілік туындаған жағдайда тексеріліп, талдау тапсыру керек. Облыстық ЖИТС орталығында барлық қызметтер тегін және жасырын түрде көрсетіледі. Мұнда психолог дәрігерлер, инфекционистер, эпидемиологтар жұмыс істейді. Заманауи жабдықтар бар.
Егер АИТВ індетін жұқтырушылардың өмір ұзақтығы туралы айтсақ, бұл диагнозбен адамдар орташа алғанда 10 жылдан көп өмір сүрмейді.