CNPC Алматыда үлкен диаметрлі құбыр шығаратын зауыт, Астанада жоғары хореография мектебін салады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) Қазақстанның мұнай-газ индустриясы үшін Алматыда үлкен диаметрлі құбыр шығаратын зауыт,
Астанада хореография мектебін салады. Бұл туралы қазақстандық журналистерге аталған корпорацияның Директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илинь мәлім етті. «Ең біріншіден, мен құрметті Президент мырзаның біздің делегациямен кездескені үшін зор ризашылығымды білдіремін. Біздің компания 20 жылға жуық уақыттан бері Қазақстанның мұнай-газ нарығында жұмыс істеуде. Осы кезең аралығында біздің жобаларымыз табысты жүзеге асырылып жатыр. Бүгін біз Президент Н.Назарбаевпен Қазақстандағы біздің ынтымақтастығымызды кеңейту мүмкіншіліктерін талқыладық. Қазақстанның құрметті Президентінің Қытайға мемлекеттік сапары аясында біз мұнай-газ индустриясы үшін үлкен диаметрлі құбырлар шығаратын зауыт құрылысы туралы келісімге қол қоюды жоспарлаудамыз. Бұл ынтымақтастықтың жаңа бағыты болмақ», - деді ол ҚХР-дың «Дяоюйтай» мемлекеттік резиденциясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінен кейін.
Оның айтуынша, зауытты Алматының индустриялық паркі аумағында салу жоспарлануда. Жоба 150 млн. долларға бағалануда.
Сонымен қатар CNPC Астанада жоғары хореографиялық мектеп құрылысына да қолдау білдіретін болады. «Бұл жобаға Президент Н.Назарбаевтың өзі бастамашы болған. Н.Назарбаевтың қолдауымен және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жіті назар аударуымен біздер Қазақстандағы ынтымақтастығымызды кеңейте түсетін боламыз. Біздердің өзара іс-қимылымыздың табысты болуы екі мемлекет халқының әл-ауқатын жақсарта түсетіндігіне сенімдіміз», - деді Ван Илинь.
Естеріңізге сала кетейік, Н.Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары 3 қыркүйекке дейін жалғасады. Бейсенбі күні Елбасы қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты парадқа қатысады.