COP31: Қазақстан QaJET платформасын іске қосуға дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі А.С. Қуантыров Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Өзхан Хусейн бастаған Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) өкілдерімен екіжақты кездесті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

COP31: Қазақстан QaJET платформасын іске қосуға дайындалып жатыр
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрілігі

Тараптар Қазақстанның QaJET әділ энергетикалық ауысуы жөніндегі инвестициялық платформасын іске қосу және оны практикалық іске асыруға көшу мәселелерін талқылады.

Кездесу басында министр ЕҚДБ-ға Қазақстанмен климаттық және экологиялық реформаларды ілгерілетудегі көпжылдық әрі жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын азайту, жасыл экономиканы дамыту және ұлттық климаттық саясатты нығайту жөніндегі жобаларды қолдауға қосқан үлесін атап өтті.

Әңгіме барысында тараптар стратегиялық құжаттардан оларды іс жүзінде іске асыруға көшудің маңыздылығын талқылады.

Өзхан Хусейн өз сөзінде Қазақстанның QaJET әділ энергетикалық ауысуы жөніндегі инвестициялық платформасына тоқталды.

Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, электр желілері мен энергия сақтау жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері негізіндегі жылыту жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру бағыттары сөз болды.

Сонымен қатар кездесуде Антальядағы COP31 аясында QaJET-ті іске қосу жөніндегі құжатқа қол қою мәселесі талқыланды. Бұл QaJET-ті халықаралық әріптестерге таныстыруға, жұмыстың одан арғы бағыттарын белгілеуге және платформаны құру жөніндегі уағдаластықтардан оны іс жүзінде іске асыруға көшуге мүмкіндік береді.

Министр атап өткендей, Қазақстанның, ЕҚДБ-ның және басқа да әріптестердің даму жөніндегі күш-жігерін біріктіру әділ әрі тұрақты энергетикалық ауысуға қосымша серпін береді. Бұл климаттық міндеттемелерден адамдарға, экономикаға және қоршаған ортаға пайда әкелетін нақты іс-әрекеттерге көшуге мүмкіндік береді.

Кездесу соңында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаласты.

Осыған дейін Энергетика министрлігі мен ЕҚДБ «QaJET» инвестициялық платформасын іске қосатыны туралы жаздық.