Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Creative Aimaq аясында Жетісу облысының креаторлары 2 млн теңгенің өнімін сатты

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында «Жетісу – Елорда төрінде» жәрмеңкесі ашылды.

Creative Aimaq аясында Жетісу облысының креаторлары 2 млн теңгенің өнімін сатты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Іс-шара өңірдің дәстүрлі қолөнерін, цифрлық технологияларын, заманауи дизайнын, туристік бастамалары мен шығармашылық жобаларын бір алаңға тоғыстырды.

Жәрмеңкені Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аралап көрді. Жетісу облысының креаторлары ұсынған жұмыстармен танысқан Үкімет басшысының орынбасары креативті индустриялардың басты міндеті – шығармашылық идеяны сұранысқа ие өнімге айналдырып, экономикалық дамуға жаңа мүмкіндіктер ашу екенін атап өтті.

Creative Aimaq аясында Жетісу облысының креаторлары 2 млн теңгенің өнімін сатты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жәрмеңкенің алғашқы күні креативті индустриялардың түрлі бағытында еңбек ететін Жетісу облысының 30-дан астам өкілі бас қосты. Олардың қатарында сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, дизайнерлер, қолөнершілер, цифрлық жобаларды әзірлеушілер мен кәсіпкерлер бар.

Жәрмеңке кеңістігі алты тақырыптық аймаққа бөлінген: Welcome Zone, қолөнер залы, «Ұлттық аспаптар әлемі», Nomad Art Hall, Ethno Village және ұлттық киім галереясы.
Жетісудың цифрлық және инновациялық жобаларына арнайы бөлім ұйымдастырылған. Мұнда онлайн курстарды, тестілеу жүйесін және жасанды интеллект негізіндегі көмекшіні қамтитын Online Ustaz білім беру экожүйесі, сондай-ақ «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы әзірлеген электр көлігі жобасы таныстырылды. Гранттық қолдаудың арқасында жоба авторы өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнімін сатуды жолға қойған. Көрмеге қойылған электромотоциклдердің бірі жәрмеңке барысында сатып алынды.

Creative Aimaq аясында Жетісу облысының креаторлары 2 млн теңгенің өнімін сатты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жәрмеңкеде қолөнер залына ерекше орын берілген. Мұнда киізден, ағаш пен былғарыдан жасалған бұйымдар, ұлттық зергерлік әшекейлер мен кәдесыйлар ұсынылған. Live Workshop форматында келушілер ұлттық бұйымдардың жасалу үдерісімен танысып, шеберлердің туындыларын сатып ала алады.

«Ұлттық аспаптар әлемі» аймағында домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы секілді дәстүрлі қазақ музыкалық аспаптарының бірегей үлгілері жинақталған. Қонақтарға аспаптардың тарихы, жасалу ерекшеліктері мен өзіндік үн-сипаты туралы мәлімет берілді.

Бағдарлама Жетісудың жеті өзені мен мәдени мұрасына арналған Jetisu Creative бейнеролигінің көрсетілімімен және өңір дизайнерлері Жанар Келгембаева мен Зере Есенбайдың авторлық туындылары ұсынылған Nomad Style Show сән көрсетілімімен жалғасты. Көрсетілім аяқталғаннан кейін Зере Есенбай сахналық костюмдердің дизайнын әзірлеу және тігу жөнінде 40 млн теңгелік келісімшарт жасасты.

Creative Aimaq аясында Жетісу облысының креаторлары 2 млн теңгенің өнімін сатты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сонымен қатар жәрмеңке қонақтары қолөнершілердің шеберлік сабақтарына қатысып, көрмеге қойылған өнімдерді сатып алды. Бірінші күннің қорытындысы бойынша жалпы құны 2 млн теңгеден асатын креативті өнім сатылды. Ұлттық ойыншықтар, бас киімдер, сәндік зергерлік бұйымдар, бейнелеу өнері туындылары, сондай-ақ Жетісу облысында құрастырылған электр велосипедтері ерекше сұранысқа ие болды.

Бүгін жәрмеңке қонақтарына театр қойылымдары мен арнайы сахналық бағдарламалар да ұсынылады. Көрермендер Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының «Таптым-ау сені» спектаклінен көріністерді және «Мұқағали» моноспектаклінен үзіндіні тамашалай алады.

Creative Aimaq аясында Жетісу облысының креаторлары 2 млн теңгенің өнімін сатты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жалпы, Creative Aimaq республикалық жобасы аясында осы уақытқа дейін Қазақстанның сегіз өңірінің жәрмеңкесі өтті. Оларға 352 креатор қатысып, көрмелерді 20 690 адам тамашалады. Сатылған креативті өнімдердің жалпы көлемі 42,9 млн теңгеден асты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырып жатқан Creative Aimaq жобасы отандық брендтерді қолдауға, өңірлердегі креативті индустрияларды дамытуға және еліміздің әр аймағының мәдени әрі шығармашылық әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған.

Жетісу облысының жәрмеңкесіне бүгін 4 100 адам келді. Іс-шара ертең де жалғасады.