Д.Ақышев: Мемлекеттік кірістер органдары заңдастырушы субъектілерге заңсыз талаптар қоюда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік кірістер органдары заңдастырушы субъектілерге заңсыз талаптар қоюда. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті.
«Проблемалы мәселелер бар. Олар мүлікті заңдастыру ережелеріне түзетулердің таяуда ғана енгізілуінен орын алуда және түсіндіру жұмыстары толық жүргізілген жоқ. Біріншісі - бұл ағымдағы есепшотта ақшаны сақтау. Енгізілген өзгертулерге сәйкес ақшаны есепшоттарда сақтау талабы алынып тасталды. Жаңа процедураға сәйкес заңдастырушы субъект ағымдағы есепшотқа ақшасын салғаннан кейін оны кез келген сәтте қайтарып алады. Бұл ретте ақшаның ағымдағы есепшотқа енгізілгенін банк берген анықтама қуаттайды. Оның нақтылығына банк жауап береді. Дегенмен, мемлекеттік кірістер органдары заңдастырушы субъектіден заңда және ережелерде қарастырылмаған декларация өткізуді талап етуде», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы.
Д.Ақышевтың айтуынша, Алматыда мемлекеттік кірістер органдарының аудандық бөлімшелері заңдастырушы субъектіден декларация тексерілетін уақыт бойы, яғни декларация тасырылған сәттен бастап 5 күн бойы ақшаның банктік есепшотта жатуын талап етеді.
«Олар тек қана банк анықтамасын ғана емес, сонымен бірге банк есепшоты келісімшартының түпнұсқасын және декларация ұсынылған және тексерілген күндердегі есепшот үзіндісін талап етеді. 5 жұмыс күні тойы ақшаны сақтау талабын қою заңдастырушы субъект тарапынан күдік тудырады», - деді Д.Ақышев.