Д. Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты повесі ағылшын тілінде жарық көреді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты повесі ағылшын тілінде «Соғыс және балалар» деген атпен жарық көреді.

Д. Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты повесі ағылшын тілінде жарық көреді

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне жазушының өзі мәлім етті.

Естеріңізге сала кетелік, Дулат Исабеков өткен жылы Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған болатын. Марапаттау рәсімі 12 желтоқсан күні Лондон қаласында өтті. Осы сапар барысында аталмыш шараны ұйымдастырушы - Лондондағы Шыңғыс Айтматов академиясының президенті, профессор Рахима Әбдуәлиева және басқа да мүдделі тұлғалар жазушымен кездесіп, алдағы 2015 жылдың жоспарымен бөліскен екен.

«Бұған дейін «Гауhартас» атты әңгімелер мен повестер жинағым тұңғыш рет ағылшын тілінде жарық көрген еді. Оның тұсаукесері сәуір айында Кембридж университетінде өтті. Енді міне, «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты повесім де аударылып жатыр екен. «Аяқталып қалды» - дейді. Дегенмен, тақырыбы ағылшындарға келіңкіремейді екен. Енді, «Ұлы Отан соғысы», «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген ұғымдарды ағылшындар басқаша қабылдайды ғой. Ал қазір бүкіл әлемде «Соғыс және балалар» атты үлкен жоба жүріп жатыр. Сондықтан, ұйымдастырушылар: «Бұл повесті ағылшын тілінде «Соғыс және балалар» деп қоялық, деді. Мен қолдадым» - дейді Д. Исабеков.

Сонымен қатар, жазушы алдағы наурыз айында өзінің «Өкпек жолаушы» атты пьесасын Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық музыкалық-драма театры Лондон қаласында қазақ тілінде қоятындығын жеткізді.

«Өткен қыркүйек айында Астанада Қазақстан халықтарының фестивалі өтіп еді ғой. Сонда қызылордалық театр осы пьесаны қойды. Ал бұл, арасында лордтар Палатасының өкілдері бар ағылшындық делегацияға қатты ұнапты. Солар осы театрды алдағы наурыз айында Лондон қаласына шақырып отыр» - деді Д. Исабеков.

Айта кетелік, Дулат Исабековтің бұл пьесасы «The Transit­ Pas­sen­ger» деген атпен өткен жылы сәуір айында Лондон қаласының «Giant Olive» театрында ағылшын тілінде қойылған болатын. Ал биыл, жазушының «Ескеркіш операциясы» атты комедиялық қойылымы да Лондонда ағылшын тіліне сахналанады деп күтілуде.