Д.Медведев Украинаны ҰҚШҰ-ға қатысуға шақырды
АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат - РФ Президенті Дмитрий Медведев Украинаны Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымына қатысуға шақырды. Мұндай мәлімдемені Д. Медведев Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық университеті студенттерімен болған кездесу кезінде жасады, деп хабарлайды РБК.
Ол ұйымға қосылуға қатысты шешімді Украина өзі қабылдау керек екендігін атап өтті. «Егер қызықты болса - wellcome. Егер де белгілі бір күмән болса, біз оған түсіністікпен қараймыз. Егер болашақта сіздер ҰҚШҰ-ға қосылуды дұрыс деп тапсаңыздар, біз қуанышты боламыз», - деді Д. Медведев.
Ол ҰҚШҰ-ның НАТО-ға қарсы құрылмағандығын атап өтті. «Бізге НАТО немесе басқа да әскери одаққа қарсы шығу қажет емес», - деп атап өтті РФ Президенті. Сонымен қатар ол, Украинаның бейтарап мемлекет ретіндегі дәрежесі Ресейдің көңілінен шығатындығын да атап өтті.
ҰҚШҰ-ға Армения, Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.