Д.Назарбаева: Электронды кітапханаларда авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ету қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне электронды кітапханаларда және мұрағаттарда авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Д.Назарбаева: Электронды кітапханаларда авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ету қажет

«Бүгінде электронды кітапханаларда және мұрағаттарда авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналды. Жалпы болашақ ақпараттандыру және сандық технологиялар саласының еншісінде болады. Сондықтан осы бағытта белсенді жұмыстар атқаруымыз қажет», - деді вице-премьер бүгін ведомствоның алқа мәжілісінде.

«Кітапханалар, сандық форматқа көшіру, авторлық құқық бойынша министрлік тарапынан нақты ұсыныстар күтемін», - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Вице-премьердің айтуынша, қазіргі уақытта елдің барлық мекемелеріне құжатты және ақпараттарды сандық форматқа көшіру туралы тапсырма берілген.

«Барлық ұйым мен мекемелер арасында ықпалдастырылған ақпараттық жүйелерді құру, ақпарат алмасу жүйелерін жасау аса маңызды, себебі бітпейтін құжатайналым, ресми және ресми емес бюрократиялық құжаттардың ауыс-түйісі - барлығы тыйылуы тиіс», - деп нақтылады Д.Назарбаева.