Дағдарыс кезінде еліміздің білім беру жүйесі зардап тартпауы, салаға жоспарланған шығындардың барлығы орындалуы тиіс-Премьер-Министр

АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Дағдарыс кезінде еліміздің білім беру жүйесі зардап тартпауы, салаға қазынадан жоспарланған шығындардың барлығы орындалуы тиіс. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылдың қорытындысына арналған бүгінгі кеңейтілген алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов айтты,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Дүниеде қаржы дағдарысы буырқанып жатыр. Әлемдік экономиканың бір бөлігі ретінде Қазақстан бұл дағдарыстың салқынын сезінуде. Бұл ретте нақты білім және ғылым жүйесіне қатысты айтатын болсақ, қабылданған дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында 2009 жылды ауыртпалықсыз өткеру үшін нақты шешімдер табу қажет. Қандай жағдайда да білім беру жүйесі зардап шекпеуі тиіс. Үкімет тарапынан, республикалық бюджет тарапынан білім беру жүйесіне жоспарланған шығындардың барлығы орындалуы қажет», - деді алқада Премьер-Министр.К. Мәсімовтың айтуынша, қазіргі сәтте білім беру жүйесі өзін-өзі қорғап қана қоймай, дағдарыстың кесірінен басқа да бірқатар салаларда болып жатқан салдарды еңсеруді ынталандырып отыруы тиіс. «Мен бұл жерде нені меңзеп отырмын. Экономикалық өсімнің тежелуі жүріп жатқандықтан, бірқатар өңірлер мен облыстарда кәсіпорындардың тоқтайтынын жоққа шығармаймыз. Әрине, бұған жол бермес үшін барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Алайда бұл кейбір жерлерде орын алады. Сондықтан, сондай сәттерде жұмыссыз қалған адамдарға біз балама бағдарлама ұсынып, кадрларды дайындауға және қайта дайындауға, курстар ұйымдастыруға көңіл аударуымыз керек. Осындай сәттерді адамдар пайдаланып, бір нәрсе үйренулері қажет», - деді Премьер-Министр. Үкімет басшысы бұл Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін шешуші міндеттердің бірі екендігін атап көрсетті. Оның айтуынша, бұл мәселелер бойынша министрлікте нақты жоспар болуы тиіс. Оны министрлік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, облыс әкімдерімен бірлесіп әзірлегені жөн.
Соңғы жаңалықтар