Дағдарыс күш пен ресурстарды жұмылдыруды талап етеді - Б. Сұлтанов

АНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат/ Мұратбек Мақұлбеков/ - Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында ұлттық экономикалардың, соның ішінде Қазақстанның да қарқыны тежелуде. Даму кезеңінде жинақталған қордың қаражаты мемлекетке әлемдік дағдарыстың ықпалын азайту бағытында тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Дағдарыс күш пен ресурстарды жұмылдыруды талап етеді - Б. Сұлтанов

Дегенмен, дағдарыстың кері салдарлары халықтың барлық жіктеріне байқала бастады. Таяу уақыттары экономикалық ахуалда қандай өзгерістер күтуге болатынын ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов әңгімелейді. 

- Бақыт Тұрлыханұлы, республикалық бюджетке енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес, бюджет түсімі өткен жылғы жоспарланғаннан екі есе аз болады делініп отыр. Сәйкесінше, бюджеттің шығысы да қысқартылуда. Қалай ойлайсыз, бюджеттік жоспарлауға алдағы уақытта осындай ауқымды түзетулер енгізілуі мүмкін бе? 

- Басымызға түсіп отырған дағдарыс орын алып жатқан жағдайларға оңтайлы және жедел үн қату, күштер мен ресурстарды жұмылдыру, ортамерзімдік кезеңдегі мақсаттарға қол жеткізудің тиімді және шығыны аз жолдарын іздестіру қажеттіліктерін алға тартып отыр. Экономикада орын алып жатқан бүгінгі тұрақсыздық жағдайында, халықаралық сарапшылардың бағалаулары негізінде әлемдік 2009-2013 жылдардағы макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды. Макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруі бекітілген республикалық бюджетті нақтылау қажеттілігін туғызды. Үшжылдық бюджетке енгізіліп отырған түзетулер, жалпы алғанда, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралар пакетін жүзеге асыруға бағытталған. Парламенттің қарауына енгізілген «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бұған дейін бекітілген республикалық бюджеттің кірісін 371,1 миллиард теңгеге қысқартуды, яғни 1529,5 миллиард теңгеге дейін азайтуды қарастырып отыр. Жоғарыда айтып өткендей, әлемдік экономикадағы бүгінгі ахуал тұрақсыз. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2009 жылы әлем экономикасы құлдырайды деп күтілуде. Халықаралық валюта қоры 2009 жылғы әлемдік экономиканың өсу көрсеткіші бойынша қаңтар айындағы болжамын рецессияға қарай - минус 1 - минус 0,5 пайызға өзгертті. Мұндай құлдырау соңғы 60 жылда алғаш рет орын алғалы отыр. 2010 жылдан бастап әлемдік экономиканың өсу қарқыны біртіндеп көтеріледі деп күтілуде. Халықаралық сарапшылардың болжамдарын, сондай-ақ елдің 2008 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын назарға ала отырып, макроэкономикалық көрсеткіштерді нақтылаған кезде, біз дәстүр бойынша, қазақстандық экспорттың негізгі ұстанымдарына әлемдік бағаның төменгі деңгейін сақтауды қарастырған консервативтік болжамға тоқтап отырмыз. Макроэкономикалық болжамдарды нақтылау - әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайларға байланысты, көптеген елдердің үкіметтері жүгінетін бүгінгі күннің қалыпты тәжірибесі. Ортамерзімдік кезеңдегі әлемдік экономиканың дамуына беріліп отырған бағалаулар әртүрлі болып отырған жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында, макроэкономикалық көрсеткіштерді түзетудің, соның нәтижесінде бюджет көрсеткіштерін нақтылау мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. 

- Қазіргі уақытта, шикізат секторынан түсетін бюджет кірісі ғана емес, ел экономикасына қомақты мультипликативті әсер етіп келген құрылыс саласының да көлемі қысқарып келеді. Сіздің көзқарасыңызша, қандай салалар, бағдарламалар немесе жобалар жақын келешекте ел экономикасында «тартушы күштің» ролін атқара алады?

- Әлемдік қаржы нарықтарында 2007 жылдың екінші жартысында басталған тұрақсыздық, ірі шетелдік банктерге банкрот әкелген және биржа котировкаларын құлдыратқан дағдарыстың келесі толқыны әлемдік экономиканың баяулауына және іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуіне ұласып отыр. Дамудың сыртқы шарттарының әсерлерінің арқасында 2009-2013 жылдары экономика мұнай және табиғи газ өндіру салаларында, экономиканың мемлекеттік секторында экономикалық белсенділіктің сақталуы; үлкен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы; сыртқы займдар бойынша негізгі соманың өтелуі нәтижесінде банк секторының оңалуы және мемлекеттік қолдаудың арқасында оның активтерінің сапасының жақсаруы сияқты факторлардың әсерімен дамитын болады. 

- Жаһандық дағдарыстың біздің еліміздің экономикасына тигізіп отырған әсерінің күшеюіне байланысты, жұртшылық Қазақстанның мұнай және басқа да ресурстарының бағаларына қатысты пессимистік болжамдарға алаңдап отыр. Әлемдік экономикада, соның ішінде көмірсутегі нарығында алдағы жылдары оң үрдістерді күтуге болады ма? 

- Көмірсутегінің әлемдік нарықтағы конъюнктурасы, келешекте, негізінен әлемдік экономиканың даму динамикасымен анықталатын болады. Өткен жылы басталған әлемдік экономиканың өсу қарқынының баяулау үрдісі энергоресурстарға деген сұраныстың қысқаруына, соның нәтижесінде мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауына әкеп тіреді. Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, әлемдік экономиканың өсуі 2008 жылы 3,2 пайызды құрады, 2007 жылы бұл көрсеткіш 5,2 пайызды құраған болатын. Бұдан бұрын айтып өткендей, 2009 жылы да әлемдік экономиканың өсуі баяулайды деп күтілуде. Әлемдік экономиканың 2009 жылдағы даму перспективасын ескерсек, жақын арада тауарлы нарықтарда бағалардың күрт өсуі екіталай. Қазіргі уақытта Brent маркалы мұнайдың бағасы 49 доллар/баррельді құрайды. Халықаралық ұйымдардың, банктердің болжамы бойынша, 2009 жылы Brent мұнайының бағасы орта есеппен 55 доллар/баррельді құрайтын болады. Халықаралық валюта қоры 2010 жылдан бастап әлемдік экономиканың өсу қарқыны біртіндеп өсе бастайды деп отыр. Іскерлік белсенділіктің артуы мен сұраныстың өсуі, өз кезегінде, ресурстардың, оның ішінде мұнайдың да бағасының өсуіне сеп болады. 

- Жақында елордада танымал экономист-ғалымдардың қатысуымен экономикалық форум өтті. Солардың айтып отырған ұсыныс-кеңестері біздің еліміз үшін қаншалықты тиімді?

- Әлемдік қоғамдастық бүгінде тап болып отырған проблемалар бірлесіп барабар үн қатуды талап етеді. Экономикалық форумды өткізудегі мақсат та ортақ ұсыныс-кеңестерді талдап жасау үшін қордаланған әлемдік ғылыми әлеуеттерді пайдалану мүмкіндіктерін зерттеу болды. Өсу қарқының осыншалықты баяулауына себеп болған мемлекеттердің экономикалық саясаттарындағы ретроспективті қателіктерге талдаулар жасау жекелеген елдерге тән проблемаларды және оларды шешудің жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Экономикалық форум Қазақстан экономикасының әрі қарай даму перспективасы туралы әлем ғалымдарының пікірлері мен ұсыныс-кеңестерін біріктірді. Форумда көптеген мәселелер, атап айтқанда, ортақ әлемдік және аймақтық валюта жасау мәселесі, аймақтық ықпалдастық жобалардың перспективасы және басқа да өзекті проблемалар талқыланды. Үкімет еліміздің экономикалық саясатын қалыптастыру барысында сол ғалымдардың ұсыныс-кеңестерін назарда ұстайтынын айта аламыз. Оған қоса, талқылаулар барысында атақты ғалымдар Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан дағдарысқа қарсы саясатқа қатысты оң пікірлерін білдірді. 

- Үкіметтің шикізат секторындағы салықтың салмағын арттыру ниеті қаншалықты орындалып жатыр? Ал шикізаттық емес сектордағы кәсіпорындарға салынатын салықтар қаншалықты азаяды? Салық заңнамасына жақын келешекте жаңа өзгертулер енгізіледі ме? 

- Шикізаттық секторға салық салудың қолданыстағы өзгертулері экономиканың шикізаттық емес секторына, әсіресе шағын және орта бизнес үшін салынатын салықтардың жүктемесін төмендету және өндіруші сектордан түсетін экономикалық кірісті арттыру есебінен бюджет шығынының орнын толтыру туралы Елбасының 2008 жылы ақпан айындағы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес қабылданған болатын. Осылайша, 2009 жылы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енгізілген жаңа Салық кодексімен шикізаттық сектор кәсіпорындарына салынатын жалпы салық жүктемесі арттырылды, жер қойнауын игерушілерге салынатын арнайы салық ставкалары - пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салық пен экспортқа салынатын ренталық салық өсірілді. Аталған салықтардың ставкалары, корпоративтік табыс салығы, қосымша құн салығы, әлеуметтік салық сияқты бюджетке аударылатын жалпыға міндетті салықтар мен төлемдер бойынша ставкалардың төмендетілуі есебінен шығындардың өтемдері қамтамасыз етілетін мөлшерде белгіленіп отыр. Мысалы, жаңа Салық кодексіне сәйкес, шикізат секторына салынатын салық жүктемесі жалпы ішкі өнімнің 7,3 пайызынан 7,8 пайызына дейін өсірілді, ал шикізаттық емес секторға салынатын салық жүктемесі жалпы ішкі өнімнің 9,8 пайызынан 7,5 пайызға дейін төмендетілді. Табиғи ресурстарға деген әлемдік баға өсіп, экономика тұрақтанған кезде шикізат секторынан түсетін кірістің анағұрлым арта түсетіндігі пайымдалып отыр. Жақын арада Салық кодексіне түбегейлі жаңа өзгертулер мен толықтырулар енгізу қарастырылып отырған жоқ. Тек Салық кодексінің жекелеген тарауларын нақтылау жөніндегі жұмыстар ғана жүргізіледі.