18:29, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Дағдарыс уақытша, ал мәдениет пен өнер мәңгілік ? К. Мәсімов
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дағдарыс уақытша болатын құбылыс. Ал мәдениет пен өнер мәңгілік дүние болғандықтан, бұл сала жіті назарда болады.Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа мәжілісі барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлем елдері бүгінгі таңда аса ауыр қаржы дағдарысын бастан өткеріп отырғаны белгілі. Әрине, Қазақстан да бұндай жағымсыз үдерістен сырт қалып отырған жоқ. Дегенмен де, қандай дағдарыс болсын, ол «келіп-кететін» уақытша ғана құбылыс, ал мәдениет пен өнер мәңгілік. Сондықтан да, біз 2009 жылдан бастап 6 республикалық мәдениет мекемесіндегі жалақы коэффициентін көтеру туралы қаулы қабылдадық», деген К. Мәсімов, бюджеттік сала қызметкерлерін қолдау бойынша Елбасы жүктеген міндеттердің барлығы орындалатынын атап өтті.
Сонымен бірге, сөз барысында Үкімет басшысы ұлттық киноиндустриясын модернизациялау мәселесіне ерекше тоқтала келе, ағымдағы жылғы бюджетте аталған салаға бағытталған шығыстардың толық қолдау тапқанын айтты. «Қазақстандық кино саласын дамытуға бағытталған шаралар жалғасын табады. Біздің кино мамандары осындай мүмкіндікті толық пайдаланулары тиіс», деді К. Мәсімов.