Дағдарыс жағдайында бюджет қаражатының игерілмеуі ең төмен көрсеткіште болуы шарт
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Дағдарыс жағдайында бюджет қаражатының игерілмеуі ең төмен көрсеткіште болуы шарт.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қаржы министрлігінің 2008 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2009 жылға арналған міндеттері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаржы министрлігінің негізгі міндеті бюджеттің толық әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Осы мақсатта әлі де болса бірқатар шаралар атқарылуы тиіс деп санаймыз. Атап айтқанда, қазынашылық қызметтердің сапасын арттыру, мемлекеттік сатып алу үдерісін оңтайландыра түсу, мемлекеттік бюджетті пайдалануда қаржылық заң бұзушылықтардың алдын алу және ол туралы хабарлап отыру әрекеттері тиісті деңгейде орындалуы шарт. 2008 жылғы бюджеттің орындалу нәтижелеріне Үкіметтің толық есеп беру жағдайында тоқталатын боламыз. Дегенмен де, былтырғы есептен бұрыннан келе жатқан бюджет әкімшілерінің қаражатты игермеуі қайталанып отырғанын көреміз. 2006 жылы игерілмеген бюджет көлемі -19,3 млрд. теңге, 2007 жылы ? 26,3 млрд. теңге болса, былтыр бұл 13,1 млрд. теңгені құрады. Серпін бар, бірақ дағдарыс жағдайында бюджеттің игерілмеуі ең төменгі көрсеткіште болуы шарт. Яғни, әрбір тиын орынды жұмсалуы тиіс», - деді Г. Қарағұсова. Депутаттың айтуынша, Қазақстан экономикасының өсуі жағдайында мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігі формальды сипат алып, ең бастысы, бюджеттік қаражатты мейлінше көп тартуға әрекет етті. Бұған бюджеттік бағдарламалардың сапасыз әзірленуінің, бюджет шығыстарының негізсіздігінің, нормативтік-құқықтық талаптардың орындалмауының әсері болды. «Осының салдарынан мемлекеттік органдар бюджеттік қаражатты игеру үшін түрлі тәсілдерді қолданып, ең бастысы, бюджеттен бөлінген қаржыны игеру көрсеткішіне мән беруді әдетке айналдырды. Соңғы сапалы нәтижеге қол жеткізуге соншалықты назар аударылмай, қалды. Бүгінгі дағдарыс жағдайында осындай әрекеттерге жол берілмеуі керек», - деді Г. Қарағұсова.