18:08, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Дағдарыс жағдайында Үкімет әлеуметтік саясатты, Ұлттық банк теңге саясатын қорғайтын болады
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Осы аптада ҚР Үкіметінің, ҚР Ұлттық банкі мен Қаржы ұйымдары және қаржы нарығын бақылау агенттігінің 2009 жылға арналған экономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы бірлескен мәлімдемесі мақұлданды.

Жыл сайынғы дәстүрлі мәлімдемеде ең алдымен қаржы дағдарысына байланысты әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және экономикалық өсімді ынталандырудың басты шаралары жайында айтылады. Сонымен бірге, ағымдағы бірлескен мәлімдемеге сәйкес Үкіметтің негізгі бағыты халықты жұмыспен қамтуды тиісті дәрежеде ұстап, жұртшылықтың әлжуаз топтарына қолдау көрсету болып отыр.
Жалпы мәлімдеме толығымен Экономика және қаржылық жүйенің тұрақтылығына бағытталған іс-қимылдар жоспарына иек артады. Ал осы Жоспардың қаржы секторын орнықтыруға, құрылысқа қарайласу мен шағын және орта бизнесті қолдап, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, сондай-ақ дағдарыс жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталғаны белгілі. Сонымен бірге, бірлескен мәлімдемеде Мемлекет басшысының әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыны және бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын өсіру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шаралары толық жүзеге асатындығы тағы да атап өтіледі.
Дегенмен, биылғы мәлімдеменің реті де, орны да бөлек. Өйткені бірлескен мәлімдеме әлем дағдарыс қаупімен күресіп жатқан тұрақсыздық жағдайында қабылданып отыр. Екіншіден, бұл мәлімдемеде көп жылдан бері алғаш рет экономиканың бұрынғыдай жоғары қарқынмен өспейтіні ашық түрде айтылды. Яғни, ағымдағы жылы экономикалық өсім анағұрлым төмен болуы мүмкін, бірақ соған қарамастан мемлекет қолдан келгенше экономикалық өсімді сақтап қалуға болатын мүмкіндіктің барлығын пайдаланады. Осы тұрғыдан келгенде, бірлескен мәлімдеме Үкіметтің биылғы жылғы дағдарыс жағдайында айқындаған бағытын тағы бір мәрте бекіте түсу болып табылады. Яғни, биылғы басты мақсат әлемдік дағдарыстың жағымсыз салдарынан қорғану болып қалмақ.
Мәлімдемедегі болжамдарға сүйенсек, ағымдағы жылы еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 8 пайыздан аспауы тиіс. Ал жыл соңындағы инфляция көрсеткіші 9 пайыздық межеден артпауы керек. Бұнымен қоса, Үкімет жалпы ішкі өнім өсімін 1-3 пайыз арасында қарастыруды мақұл көріп отыр. «Меніңше, бұл мәлімдеме Үкіметтің, Ұлттық банк, Қаржы ұйымдары және қаржы нарығын бақылау агенттігі мен ұлттық холдингтердің ауыл шаруашылығында, шағын және орта бизнес, құрылыс, банк саласында жүргізілген тұрақтандыру жұмысының заңды нәтижесі. Жақында қабылданған Дағдарысқа қарсы бағдарламада қойылған мақсат-міндеттерді орындау жолында бірлескен мәлімдеменің өз орны бар», - деді К.Мәсімов.
Сонымен талай рет айтылып жүргеніндей, Үкімет әлемдік дағдарыс салдарын мейілінше азайту, төтенше қиындықтарға төтеп бере жүріп, әлеуметтік бағыттағы саясатты мығым ұстауды бағдарға алып отыр. Ал бұл бағыттағы шаралар, атап айтқанда, қай салаға қаншалықты қаражат бөлу, мемлекеттік қолдауда нақты қай секторларға басымдық беру қажеттігі былтырдан бері айтылып келеді, әлі де нақтыланып жатыр. Әзірше Үкімет ең алдымен экономикалық өсімге айтарлықтай қайтарым жасайтын секторға баса мән беруді ойлап отырған сыңайлы. Осының негізінде барып әлеуметтік топтағыларға демеу жасап, жұмыссыздықпен күресті қалыпта ұстауға атқарушы билік күш салмақ.
Бір сөзбен айтқанда, Үкімет дағдарыс жағдайында бір жағынан нақты секторларды қолдап, екінші жағынан әлеуметтік мәселені қорғайтын болады. Егер нақ осы мәселе толық шешімін тапса, онда қиындықтардың біршамасы еңсеріледі деп айтуға да негіз болар. Олай болатын себебі, бүгінгі күні Балтық жағалауы елдерінде, Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде бірін-бірі қайталайтын шерулер қаптап кетті. Жақын аралықта тынышталатын түрі де жоқ. Биліктің дағдарыс жағдайында ұстанған саясатына наразылық ретіндегі бұндай шерулер қақтығысқа ұласып та жатыр. Осы қақтығыстардың да басты себебі түсінікті. Халық қиын заманда өз үкіметінің әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл бөліп, жұмыссыз, керексіз қалмайтынына, биліктің өздерін қолдайтынына сенгісі келеді. Еуропа мен Балтық елдері шерулерінің билікке қояр басты талаптары да сол. Бұл бір жағынан үлкен сабақ.
Қазақстан Үкіметінің негізгі іс-қимылы әлеуметтік саланы қолдауға, соның ішінде жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталуы тиіс. Сондықтан да, Үкімет дағдарыс қиыншылықтарына қарамастан, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға кірісетін болады. Оның ішінде, Агроөнеркәсіптік кешенді қарқынды дамыту мен «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» бағдарламасын жеделдетіп жүзеге асырудың маңызы зор. Осындай кешенді жобаларды өмірге енгізу арқылы сыртқа өнімін шығара алмай, жабылудың алдында тұрған зауыттарға тапсырыс беріп, азаматтарды жұмыспен қамтуға жағдай туады.
Дағдарыс тудырып отырған тағы бір қауіп, еліміздің ұлттық қаржы жүйесіне қатысты болып отыр. Мемлекет тарапынан екінші деңгейлі банктерге тиісті қаражаттық қолдаулар бөлініп, олардың алды осы қаржымен «қаруланып» та жатыр. Мамандардың айтуынша, қазақстандық банк секторы бірқатар көршілес елдердің жүйелеріне қарағанда мығым отыр. Дегенмен де, қаржылық секторға төнген қауіп дағдарыс толық жойылып бітпейінше сейілмейді. Жалпы елімізде екінші деңгейлі 37 банк қызмет етеді екен. Әзірше, олардың бірде-біреуін «өлім» аузында тұр деп айтуға келмейді. Әрине бірқатар проблемалар баршылық, бірақ қазақстандық банктер шыдамдық танытып отыр. Ал алдағы уақытта елдегі банктерден «күйрейтіндей» диагноз байқала бастаса, оны дереу емдеуге мемлекет те күш салады. Қаржы ұйымдары және қаржы нарығын бақылау агенттігі дереу банктік құлдыраудың «оң-теріс» салдарын, банк пен клиенттерінің алатын соққысын есептеп, мемлекеттен көмек сұрауға ниеттенетін болады.
Ал Ұлттық банктің биылғы ең маңызды міндеті - теңге бағамын берік ұстау. Соңғы жылдары елімізде бұл бағыттағы саясат та орнықты, теңге де тұрақты болып тұрды. Бірақ валюта бағамының мәселесі осы айда көршілес Ресейдің «апшысын» қуыра бастап еді, соның салқыны тигендей боп, екі-үш күннен бері долларға жан кіре бастады. Мәлімдеме жасалған уақытта Банктің басшысы болып тұрған Әнуар Сәйденов еліміздің ақша-кредиттік саясаты биылғы жылы «жеңіл» болатынын, яғни ұлттық валюта бағамының тез арада құбылуы болмайтынын атап өтті. «Үкіметтің де Ұлттық банктің де биылғы міндеті теңгенің тұрақтылығын сақтау болып табылады. Сондай-ақ теңгенің орнықтылығын қамтамасыз ету және ұлттық валютаның шетелдік, бірінші кезекте, біздің негізгі сауда әріптестеріміздің валюталарына қатысты бағамын бірқалыпты, бақылаудағы межеде өзгерту және сонымен бірге алтын-валюталық резервтің шығынына жол бермеуді басты міндетке аламыз» деген еді сонда Ұлттық банк басшысы.
Осы аптада Елбасы Жарлығымен Григорий Марченко Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы болып тағайындалды. Елбасы ұсынысына Парламент Сенаты келісім берген күні-ақ ҚР Президенті Н. Назарбаев ҰБ төрағасын қабылдап, Ұлттық банкінің макроэкономикалық және ақша-несие саясатының перспективалық бағыттарын талқылады. Елбасы Ұлттық банк басшылығының алдына Қазақстанның қаржы жүйесіне әлемдік дағдарыстың келеңсіз ықпалын еңсеруге бағытталған нақты міндеттер қойды.
Бір сөзбен айтқанда, осы аптадағы мәлімдемеде Үкіметтің негізгі міндеті әлеуметтік саланы қорғау ретінде белгіленсе, Ұлттық банк теңге бағамын шайқалтпауға бекінді.