Дағдарысқа қарамастан 2009-2010 жылдары тартылған инвестиция үлесі жоғары болды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Әсет Исекешев
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Дағдарысқа қарамастан 2009-2010 жылдары тартылған инвестиция үлесі жоғары болды.
Бұл жайында бүгін 2009-2010 жылдары экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру іс-қимылы жоспарын қорытындылауға арналған Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты.
«Өткен жылы индустриялық-инновациялық дамудың бағдарламасы қабылданды. 2010 жылы өндірістік кәсіпорындарда экспорт көлемін сақтап қалу жұмыстарымен қатар инвесторлармен де тиісті ынтымақтастық жұмыстарын іске асырдық», - деді Ә. Исекешев.
Үкімет басшысының орынбасары 5 мыңнан астам шетелдік инвесторлар Қазақстанның инвестициялық мүмкіндігі жайында ақпарат алғанын айта келе: «Бұның нәтижесінде жылдың аяғында олардың ішіндегі 150 инвестор елімізге инвестиция салуға шешім жасады. Қазіргі кезде олармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның екі мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорындары, оның ішінде шағын және орта бизнестерін қосқанда барлығы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдырламасы аясында өздерінің жұмыстарын жалғастыруда. 2009 жылы өнеркәсіптік кәсіпорындардың жобаларына 500 млрд теңге, ал 2010 жылы 800 млрд. теңге инвестиция салынды. «Дағдарысқа қарамастан, біздің компаниялар 2010 жылы 300 млрд. теңгеге инвестицияны артық салды. Ал шетелдік инвестицияларға тоқталатын болсақ, инвестицияның ең жоғары үлесі 2009-2010 жылдарға тиесілі», - деді Ә. Исекешев.
Ә. Исекешев дағдарысты еңсеру бағытында барлық өндірістік кәсіпорындардың мониторингі жүргізілгенін, олардың әрқайсысымен меморандум бекітілгенін, осының нәтижесінде кәсіпорындардағы жұмыссыздыққа және өндіріс көлемінің төмендеуіне жол берілмегенін айтып өтті. «Осы жылдары қазақстандық қамту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазақстандық қамту аясында тек «Самұрық-Қазына» қоры шағын және орта бизнесті қолдауға 1,5 трлн. теңгені бөліп отыр»-деді ол.
Мұнымен қоса Үкімет басшысының орынбасары Елбасының тапсырмасы бойынша дағдарысты еңсеру саясатымен қатар дағдарыстан кейінгі дамудың диалогы қарастырылғанын еске салып өтті. Осы орайда ол қабылданған бағдарламаны іске асырумен қатар басымдықты жобалар айқындалып, бизнесті қолдаудың шаралары әзірленгенін жеткізді. «Бір жылдың ішінде әр жоба бойынша Үкіметтің деңгейінде ауқымды жұмыстар атқарылды»,-деп түйіндеді Ә. Исекешев.