Дағдарысқа қарамастан, ел өндірісі дамып келеді - С.Качало, БҚО
ОРАЛ. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Дағдарысқа қарамастан, жалпы Қазақстанның, соның ішінде БҚО-ның да өндірісі дамуда. Бұл туралы «Казармапром» АҚ директоры Станислав Качало мәлім етті.
Оның айтуынша, өзі басқаратын кәсіпорында соңғы бес жыл бедерінде дағдарысқа қарамастан жаңадан 67 жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын өнімінің 90 пайыздан астамын экспортқа шығарады.
«Бірақ өмір бір орында тұрмайды. Елдегі қалыптасқан қолайлы ахуалды пайдаланып, кәсіпорынға инвестиция тартудамыз. Сол секілді қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да үлкен мүмкіндіктер ашуда. Өзім осыдан біраз жылдар бұрын облысты газдандыру бағдарламасын жасаушылардың бірі болған едім. Алайда қаржы көздері шектеулі болғандықтан, ол бағдарлама орындалмай қалған еді. Енді, міне, облыс әкімі Бақтықожа ізмұхамбетовтің қажырлы еңбегі арқасында облысты газдандыру бағдарламасы аяқталуға жақын. Батысқазақстандықтардың өмір сапасы артып келеді», - деді ол.