Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген қаржының дұрыс игерілуі бақыланатын болады ? Мәжіліс депутатының пікірі
ОРАЛ. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Дағдарысқа қарсы бағдарламаның мақсаты - әлем бойынша қалыптасқан қиындықтан шығу ғана емес, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша одан әрі дамуға жол салу.
Бұл туралы БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы және «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық бақылау бойынша комиссиясының жетекшісі Гүлжан Қарағұсова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәжіліс депутатының сөзіне қарағанда, жыл басында құрылған аталмыш қоғамдық комиссия бөлінген қаржының белгіленген жерге уақтылы, толық көлемде жетуін әрі өз орнымен қолданылуын бақылайтын болады. Комиссия осы орайда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық компания, банк жетекшілерімен бірігіп жұмыс жасауға уағдаласты. Халық та комиссияның қадамдарын құптап отыр. Аз уақыттың ішінде тұрғындардан 10 мыңның үстінде хат келіп, комиссия басшылары 600 адамды қабылдап үлгерді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау, әсіресе, ауыл кәсіпкерлеріне несие берудің тетігін табу, төлем қабілеті төмендеген тұрғындар үшін ипотекалық несиені өтеуді шегере тұру мәселелері де талқыланды.