Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталған қаражаттың жалпы сомасы 3 трлн. теңгеден асты - Үкімет басшысы
АНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталған қаражаттың жалпы сомасы 3 трлн. теңгеден асты.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
2009-2010 жылдарға арналған экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі Үкімет, Ұлттық банк және Қаржылық қадағалау агенттігінің бірлескен іс-қимыл жоспары негізгі 5 бағыт бойынша іске асырылғанына тоқталған Премьер-Министр, олар қаржы секторын тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, аграөнеркәсіптік кешенді дамытуға, сондай-ақ инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталғанын еске салып өтті.
«Дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыруға бағытталған қаражаттың жалпы сомасы бүгінгі таңда 3 трлн. теңгеден астам қаржыны құрады»,-деп атап өтті Үкімет басшысы.
Мұнымен қоса Үкімет отырысында сөз сөйлеген Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов аталған жоспарды және Жол картасын қаржылық қамтамасыз ету үшін ұлттық қордан 1 трлн. 550 млрд. теңге қаражат бөлінгенін айтып өтті.