13:57, 07 Наурыз 2009 | GMT +5
Дағдарысқа қарсы шараларға үкіметтік емес ұйымдар да белсене атсалысатын болады
ОРАЛ. Наурыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Дағдарысқа қарсы шараларға үкіметтік емес ұйымдар да белсене атсалысатын болады.
Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқосуда өңірдегі ҮЕҰ басшылары қазіргідей жағдайда бірлесе қимылдап, ынтымақпен алға басудың қажеттігін атап көрсетті. Ең басты міндет ел бірлігін сақтау болып қала бермек. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жаңа Жолдауында тағы да қадап айтты.
Облыста үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын қолдауға жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі өсіп келеді. Биыл түрлі жобалар 20 миллионға жуық теңге көлемінде қаржыландырылмақ. Соңғы кезде өңірдегі ұлттық-мәдени орталықтарды, ауылдағы ҮЕҰ-ны тартуға баса назар аударылып отыр. Өткен жылы осындай ұйымдар арқылы 66 адам жұмыс орнын тапса, бұл іс биыл да жалғасын табады.