Дағдарысқа төтеп берген Қазақстан қуатты әрі қабілетті мемлекеттер санатына қосылды - републикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 20-сы, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Дағдарысқа төтеп берген Қазақстан қуатты әрі қабілетті мемлекеттер санатына қосылды - републикалық басылымдарға шолу

***

«Елімізде ішкі жалпы өнім көлемі 7,5 пайызға артқан. Өнеркәсіп өндірісі 10 пайызға, соның ішінде өңдеуші өнеркәсіп - 20 пайызға, химия өнеркәсібі - 77 пайызға, мәшине жасау саласы 56 пайызға өскен. Жыл басынан бері 200 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Осының барлығы дұрыс таңдалған стратегияның, дағдарысқа қарсы жүйелі шаралардың және жинақталған жеке қаражат есебінен экономиканы қуатты қаржылай қолдаудың нәтижесі. Дағдарыс Қазақстанның қуатты әрі қабілетті мемлекет екенін көрсетті. Барлық өңірлерде де экономиканың өсу қарқыны байқалады. Барлық өңірлерде тұрғындардың ақшалай табысы 10-нан 30 пайызға өсті. Бөлшек тауар айналымының көлемі ұлғайды», деді Елбасы еліміздің барлық өңірлерінің әкімдерімен өткізген жұмыс кеңесінде. Аталмыш басқосуда көтерілген өзге де өзекті мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Дағдарысқа төтеп берген Қазақстан қуатты әрі қабілетті мемлекеттер санатына қосылды» атты мақалада.

Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, битум оңтүстік өңірде де шығарылатын болды. «Оңтүстік өңірдің жігіттері «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автомагистралі салынатындығы жөнінде сыбыс шыққанда іскер жігіттер битумға өте зәрулік болатындығын біліп, тәуекелдің қайығына мінген. Бүгінде «Битум» ЖШС Төле би ауданындағы ең серпінді жобалардың бірі. «Жыланбұзған» елді мекенінің батыс жақ беткейін бетке алсаң көкке ұмсынған , самсап тұрған зымыран пішіндес қондырғыларды көресің. 2007 жылы құрылысы басталған кәсіпорын биылғы жылдың мамыр айында пайдалануға берілген. Ол жылына 6 мың тонна битум дайындайды, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Еліміздегі кәсіпкерлік саласының дамуына байланысты және олардың проблемалары жөнінде білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Битумды біз де шығарамыз» атты мақаланы оқыңыз.

***

«Айқын» басылымының хабарлауынша, бұған дейін жер қойнауындағы уранды қазып алып, экспорттап келген Қазақстан, енді уранды қайта өңдеуден өткізіп, пайдасын көрмек. Бұған Қазақстандағы уран қорының молдығы мүмкіндік береді. Қолда бар уранның пайдасын көретін уақыт жетті. Себебі өткен жылы Қазақстан 14 мың 214 тонна уран қазып, уран шығару бойынша бірінші орынға шықты. Осы жылы уран қазу 17 мың тоннадан асады деген болжам бар. Еліміз дүниежүзі бойынша уран қоры жөнінен Австралиядан кейінгі екінші орында тұр. Ендеше, уранның игілігін неге көрмеске? Бұл мәселе жөнінде «Айқынның» бүгінгі санындағы «Атом өнеркәсібін дамыту тығырықтан шығарама?» атты мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылым тілшілерінің жазуынша, Павлодарда соңғы уақытта өткен дәуірден сыр шертетін дүниелер қаптап кетті. Мәселен, қалада Лениннің «басынан» бастап берген мақтау қағаздарының үлгісіне дейін қойылған дәмхана бар. Барлық мүліктер кешегі Кеңес кезінен елес береді. Құдды бір мұражайдың ішіндегі коммунистік партия бөлімінде тамақ ішкендей боласың. Бірақ осының барлығы ұрпақтың бойына кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па. Бірінші кезекте осыны ойлау қажет болар. Ұлттық менталитетімізді ұштап, әр кеудеге «Қазақстан деген мақтаныш сезімін ұялату идеологиясын жүргіземіз» деп жатқанда шағын ғана «Труд» атты өнім алған бетімізге бөгет болатындай. Өткенді аңсамай, бүгінді болашаққа жалғауды ойластырған абзал. Әлде «сүйістің королі» атанған Брежневпен мақтанамыз ба? Кеткенді көксегеннен көсегеміз көгермесі анық. Оны өмірдің өзі дәлелдеп берген. Бұл туралы басылымның бірінші бетіндегі «КСРО-ның «көсемін» көксегендердің көкейінде не тұр» атты мақалада.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында елдегі көлік апаттарының салдарына алаңдаушылық білдіріпті. Басылымның хабарлауынша, соңғы он жыл ішінде республика жолдарында 30 мыңнан астам адам жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан. Бұл - 10 жыл ішінде шағын бір қаланың тұрғындарынан айырылдық деген сөз. Одан бөлек жол апаты салдарынан 64 мың адам жарақат алған. Дегенмен жол полициясының өкілдері жыл өткен сайын жол-көлік оқиғалары мен одан зардап шегетіндер санының азайып келе жатқандығын жарыса айтуда. Өткен жылдармен салыстырғанда жол апаты мен одан зардап шегушілер көрсеткішінің кемуі байқалады. Алайда басқа елдермен салыстырғанда елімізде өлім көрсеткіші әлі де жоғары болып отыр. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Көлік апаты бір қаланы жалмады» атты мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, «Қоршаған ортаға қауіп қара алтыннан келіп тұр». Тап осындай тақырыппен жарияланған мақала авторларының айтуынша, қалдық төгілген тоғандар Атырау мұнай өңдеу зауытының қалдық суларды ағызып жіберетін арнасының дәл қасына орналасқан. Ол арнадағы судың таза еместігі анықталғанымен зауыт өкілдері «төгілген сұйықтыққа біздің қатысымыз жоқ» деп бастарын бәледен ала қашуда. Соған қарамастан су құрамының таза еместігін зауыт өкілдері жоққа шығармайды. Қазіргі таңда мұнай төгілген аймақта Табиғат қорғау прокуратурасы мен «Жайық-Каспий» экологиялық департаментінің мамандары

сараптама жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш сала мамандарының жорамалдарына жүгінсек, бұл қалдықтарды зауытқа заңсыз түрде шикі мұнай өткізбек болғандардың төгулері мүмкін.

***

«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, 2011 жылы Ұлттық қорға тікелей түсетін салықтар көлемі 7,8 пайыздың көлемінде болжанып отыр. Аталмыш болжам мұнай өндіру, мұнайға деген әлемдік бағаның құны, теңгенің долларға қарағандағы теңгерімі сияқты макроэкономикалық көрсеткіштердің негізінде дайындалған. Аталмыш болжамдарды түйіндей келгенде 2020 жылы Ұлттық қордағы қаржы

40 миллиард долларды құрауы қажет. Ал активтер құны 90 миллиард долларға жетуі тиіс. Яғни бұл көрсеткіш ішкі жалпы өнімнің кемінде 30 пайызын құрайды. Елімізде жүзеге асырылып жатқан үдетілген индустриялық-инновациялық бағдарламаның барысы мен оған қатысты мәселелер жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Стимул для динамики» атты мақалада.