Дағдарыссыз даму болмайды - С. Қалиұлы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Дағдарыссыз, қиыншылықсыз даму болмайды. Ол жаhандану кезеңінде ашық мемлекеттер үшін қалыпты жағдай. Бұл туралы ұлттық валюта - теңгенің ашық айналымға шығуына байланысты «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында бүгінде қазақ балалар әдебиетінің атасы атанған көрнекті ақын, аудармашы Сұлтан Қалиұлы айтты. Оның пікірінше халықтың бірлігі кез келген дағдарысты жеңе алады. Тек бұған қашан да дайын болу керек.
None
None

Дегенмен, қазіргі жағдайда қарапайым халық нақты не істеуі керек? Теңгенің құнсыздануы халықтың әл-ауқатына кері әсер етпей ме? Ақын осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

- Сұлтан аға, теңге еркін айналымға шығарылды. Сіз мұны қалай қабылдадыңыз?

- Бұл дұрыс шешім. Әлемдік дағдарыс аясында сыртқы кері ықпалдарды азайту мақсатында жасалған шара. Қазір Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барлық жағдайды қалт жібермей бақылап отыр. Ол кісінің қай сала болмасын бастамалары қоғамда жылы қабылданады. Дағдарыс болған соң, қиындықсыз болмайды, әрине. Онсыз даму да болмайды.

- Сұлтан аға, қазір әлемде болып жатқан қаржы дағдарысы, санкция және мұнай бағасының түсіп жатқандығы жайлы пікіріңізді білдірсеңіз.

- Енді, қазір теңге ғана емес, көптеген елдердің валютасы құнсызданып жатыр ғой. Мұнай бағасы құлдырады. Бұл дағдарысты ушықтыра түсуде. Бірақ мұның барлығы белгілі бір елдердің қолдан жасап отырған тірлігі дер едім. Демек, біздің дамуымызға кесе-көлденең тұрғысы келетіндер жетерлік. Мұны ескеру керек. Бұл жерде ең басты құндылығымыз - бірлігіміз бен ынтымағымыздан айрылмайық. Шаруашылықта ұсақ-түйек болса да өте сапалы өнімдер жасауымыз керек. Ал ондай өнімдерді өткізуге нарық қашан да табылады. Сонда Дүниежүзілік Сауда Ұйымында еркін самғап жүрер едік.

- Сұлтан аға, осы тұрығыда өз тарапыңыздан жұртшылыққа қандай тілек айтар едіңіз?

- Қазір жағдай күрделі. Біз ең бастысы жалқаулық деген жаман қасиеттен арылуымыз керек. Биліктің істеп жатқан шараларына түсіністікпен қарайық. Дағдарыс бізде ғана болып жатқан жоқ қой! Ол бүкіл әлемді жайлап жатыр. Сондықтан бұл жерде бірлікті ойлап, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әрекет жасауымыз қажет. Қазір ауыл тұрғындары қалаға келгіш болып кетті. Қалаға келіп, қолын жылы суға малғысы келеді. Әрине, бұл да дұрыс! Бірақ, ауылда да мемлекеттің көмегімен ата кәсіптерімізбен - мал шаруашылығымен, егіндікпен, қолөнермен айналысуға болады ғой деп ойлаймын. Тек қиындығына шыдап, оны жеңе білсе... Одан кейін, тағы бір айтатын нәрсе, оны кезінде Елбасы да айтқан, дарақылықты қойған жөн. Қазір жастардың өзі мерейтой өткізуге құмар болып кетті. Тіпті 30 жасын да тойлайды. Баяғыда тек 60 жастан бастап мерейтой өткізуге болатындығы туралы заң болған. Ол жайына қалды. Сондықтан артық шығындардан арылып, бірлікке бастайтын, аз да болса шынайы пайда әкелетін нақты істерге көшкенімз дұрыс. Құр селтеңге әуес болудың қажеті жоқ. Барлық нәрсеге байыппен қарайық.

- Сұлтан аға, шығармашылық жұмыстарыңызға ойыссақ, қазір қандай дүниелер жазып жүрсіз?

- Мен осы уақытқа дейін 34 кітап шығарыппын. Жанрлары әр түрлі. Негізі әуелі бастағаным балалар әдебиеті болатын. Қазір де негізінен сол деп есептеймін. Екі сатиралық өлең кітабым шықты. Екі кітабым шет тілдеріне аударылды. Сондай-ақ басқа халықтардың балаларға арналған өлеңдерін қазақшаға аудардым. Қазір, енді, жас келіп қалды. Болашақты болжау қиын. Жоспарға келсек, қазір кезінде шықпай қалған дүниелерімді реттеп, соларды кітап қылып шығарсам ба деген ойым бар.

Соңғы жаңалықтар