Дағдарыстан дамуға бет алған Қазақстан: 2009 жылға шолу

АСТАНА. Желтоқсанның 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Аяқталып келе жатқан 2009 жыл қазақ елі үшін қандай болды? Бірден айтайық: оңай болған жоқ, күрделі әрі қиын болды. Дүние жүзіндегі барлық мемлекетті қос өкпеден қысқан әлемдік экономикалық-қаржылық дағдарыс Қазақстанға да қаһарын төгіп бақты. Алайда, мемлекеттің сауатты жүргізген экономикалық әрі әлеуметтік саясатының нәтижесінде ел іші аса күйзелген жоқ.
None
None

Ең бастысы - дағдарыстың дабылы көш жерден естілген кезеңде де елдің ырысы шайқалған жоқ. Құдайға шүкір, тумысында уызға жарыған халық болғандықтан, аузымыз ақтан арылмады. Әлеуметтің әлеуеті әлсіреген жоқ. Тұтастай алғанда ертең тарихқа айналатын 2009 сиыр жылында да еліміз дағдарысқа қарамастан саяси, әлеуметтік-экономикалық һәм мәдени-гуманитарлық, спорт, сондай-ақ басқа да салаларда ауыз толтырып айтатындай табыстарға жетті. Бұлай деуімізге мына цифрлар айғақ бола алады: дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында Қазақстан экономиканы сауықтыруға бас-аяғы 14 млрд. АҚШ долларын жұмсап үлгеріпті. Соған  қарамастан, еліміздің алтын-валюта қоры ортайған жоқ. Мәселен, ол 2008 жылдың соңында 48 млрд. АҚШ долларын құраса, бүгінде  52 млрд АҚШ долларына жетіп отыр. Яғни, жұмсалған шығындарға қарамастан, Ұлттық қордың қаржысы өсті. Бұның өзі мемлекеттің экономикалық саясатының тиімділігін білдірсе керек. Бұдан бөлек, биыл халықаралық ынтымақтастық аясында Оңтүстік Корея, Қытай, Италия, Франция, Түркия және Беларус компанияларымен Қазақстан аумағында құны 25 млрд. АҚШ долларынан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластық жасалды. Бұл дағдарысқа қарамастан шетелдік инвесторлардың Қазақстан нарығында жұмыс істеуге аса ықыласты болып отырғандығының айғағы. Бұдан Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жылдан-жылға жақсарып келе жатқандығын байқауға болады. 2009 жылы Қазақстан экономиканы жаңғыртуға, әртараптандыруға және бизнестің «көлеңкеден» шығуына жағдай жасайтын, елге капитал ағымының үдеуіне ықпал ететін жаңа Салық кодексімен жұмыс істей бастады. Бұдан бөлек 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджет ағымдағы жағдайда экономикалық белсенділікті қолдау үшін тиімді құрал бола алды.

 «Жол картасы» жұмыссыздықты жүгендеуге көмектесті

Есте болса, 2008 жылы Үкіметтің басты проблемасы инфляцияны ауыздықтау, ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болған еді. Ал биыл рецессияға жол бермеу, жұмыссыздықты жүгендеу, қаржы секторын тұрақтандыру, құрылыс индустриясын қолдау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту ең маңызды басымдықтардың қатарына шықты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы наурыздың 6-да Қазақстан халқына арнаған «Дағдарыстан дамуға» атты Жолдауынан туындаған міндеттерге жүгініп жұмыс жасаған Үкімет елдің үкілеген үмітін алдамады. Қолынан келгенінше қам-қарекет жасап, халыққа қамқорлығын аямады. Ол қамқорлық ең алдымен Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленіп, жүзеге асырылған Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясынан айқын білінді. Ауызекі тілде «Жол картасы» деп аталатын бұл бағдарлама мыңдаған қазақстандықтардың жұмыс орындарын сақтауға, нәпақасынан айырмауға, республикамызда жаппай жұмыссыздыққа жол бермеуге мүмкіндік берді. «Жол картасы» аясында  коммуналдық желілер қайта жарақтандырылды және жаңғыртылды, жергілікті мәндегі автомобиль жолдары салынып, жөнделді, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымдар, ең алдымен мектептер мен ауруханалар жаңартылды. Нақты елдімекендегі жергілікті мәндегі нысандар, яғни жолдар, клубтар немесе басқа нысандар абаттандырылып,  көгалдандырылды,  жөнделді, әлеуметтік жұмыс орындары кеңейтіліп, жастар практикасы ұйымдастырылды.

Ресми мәліметтер бойынша, «Жол картасын» жүзеге асыруға 2009 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден 191,5 млрд. теңге бөлініпті. Еңбек қатынастары саласында 8 мыңға жуық меморандум рәсімделді. Бұл құжаттар 1 млн.-нан астам жұмысшының еңбек құқықтарын қорғады. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен күш-жігерлерінің арқасында аталмыш бағдарлама аясында ойға алған міндеттер толығымен орындалды. Қазіргі уақытта 5221 жоба бойынша жұмыстар аяқталған. Бүгіндері жөндеу жұмыстарында 167 млрд. теңге игерілген, бұл жалпы жылдық соманың 99 пайызын құрайды. «Жол картасы» аясында 260 мыңдай жұмыс орны құрылды, бұл жоспардағыдан анағұрлым көп. Құрылған жұмыс орындарына 248 мыңдай адам еңбекпен қамтылды. Ал халықтың мақсатты топтарын қорғау үшін мемлекеттік теңдей қаржыландыру негізінде әлеуметтік жұмыс орындарын құруға баса мән берілді. Бұл мақсатқа 7,6 млрд. теңге бөлініп, ол қаржы 120 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді. «Жол картасы» бағдарламасы аясында қазіргі оқу орындарының базасында 100 мыңнан астам адам қайта даярланды. Олардың тең жарымынан астамы оқуларын аяқтап, үштен бірі жаңа меңгерген мамандықтары бойынша еңбекпен қамтылды. Қарап отырсақ, жүйелі жүргізілген мұндай жұмыстар сайып келгенде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейінің ұлғаймауына септігін тигізді. Ең бастысы - халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне қаяу түскен жоқ. Жұрттың қиын-қыстау кезеңде мемлекеттің сүрінгенде сүйеу, торыққанда тіреу бола білетіндігіне көзі тағы бір мәрте жетті.  Алдын-ала мәліметтер бойынша, 2009 жылы Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызды құрайтын болады. Қазақстанмен іргелес жатқан көрші елдерді айтпағанның өзінде, экономикасы дамыған Еуропаның өзі жұмыссыздықтың зардабын тартып жатқан тұста біздегі көрсеткіштер көңіл қуантады. Күні кеше болған Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов  «Жол картасына» Елбасының өзі жоғары баға бергенін айтып, бұны 2009 жылғы ең табысты бағдарламалардың бірі болғандығын атап көрсетті. 

 2009 жылы банк секторы тұрақтандырылып, торыққан болжамдар теріске шықты

Банк секторының бақуаттылығы ел экономикасының негізгі тірегі.  Ашығын айтқанда, дағдарыстан Қазақстанның экономикасының басқа нақты секторларына қарағанда қаржы секторы айтарлықтай зардап шекті. Сондықтан да банк секторының басынан бағы таймасы үшін Үкімет Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын қадағалау агенттігімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп жыл басында бірқатар қатаң шешімдер қабылдауға мәжбүр болды. Бұл шешімдердің негізгі мақсаты - экономиканың игілігін, халықтың қамын ойлауды көздеді. Сөйтіп мемлекет жыл басында «БТА», «Альянс банкі», «Қазкоммерцбанк», «Халық банкі» сынды еліміздегі ірі жүйе құрушы банктердің капиталына кіру жайлы шешім қабылдады. Үкіметтің қаулысымен «Самұрық-Қазына» қоры  дағдарысқа қарсы  бағдарламаның операторы ретінде ұйғарылып,  Ұлттық Қордан  осы  бағдарламаны  жүзеге асыруға бөлінген  1 трлн. 87,5 млрд.теңгенің486 млрд. теңгесі қаржы секторын тұрақтандыруға бағытталды. Дағдарысқа қарсы  бағдарламаның алғашқы  бағыты - қаржы секторын тұрақтандыру үшін жоғарыдағы ірі төрт банкке 476 млрд. тенге бөлінсе, оның бір бөлігі банктердің қарапайым акцияларын сатып алуға,  келесі бір бөлігі  экономиканы несиелеуге бағытталды. Бөлінген бұл қомақты қаржылар өз кезегінде банктердің төлемпаздығын сақтауға және экономиканы несиелеуге септігін тигізді. Бұдан бөлек келіссөз жүргізуші команда «БТА», «Альянс» және «Темір банк» сынды қаржы институттарының сыртқы қарыздарын қайта құрылымдау бойынша шетелдік кредиторлармен табысты уағдаластыққа қол жеткізді. Кеше Астанада БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов: «БТА, Альянс және Темір банк сынды үш проблемалы банктер бойынша сыртқы кредиторлармен келіссөз жүргізуші команда приципті шешімдерге қол жеткізе алды. Альянс банктің сыртқы қарыздарын қайта құрылымдау бойынша 100 пайыз шешім қабылданды. БТА мен Темір банк бойынша принципті келісімдерге қол жеткізілді. Ендігі жерде заңдық процедуралардан өту ғана қалды. Тұтастай алғанда осы үш банк бойынша, мен цифрларды жинақтап айтып отырмын, 15 млрд. доллар қарыздың 10 млрд. доллары жабылатын болады. 5 млрд. доллар қарыз қалады», деді.

Бір сөзбен айтқанда, 2009 жыл Қазақстанның қаржы секторы тұрақтандырылған жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Себебі, жыл басында айтылған торыққан болжамдардың барлығы теріске шығып, банк секторы дефолтқа ұшыраған жоқ. Керісінше қиын-қыстау кезеңде мемлекет қолдауының арқасында Қазақстанның банк секторы әлемдік қаржы дағдарысының қысымына лайықты төтеп берді. Ал әгарәки мемлекет қол ұшын бермегенде, онда банктер банкротқа ұшырап, миллиондаған қазақстандықтардың қалталарымен қоса жүйкелері де жұқарып, әлеуметік көңіл-күй ширыға түсер еді. Абұйыр болғанда мемлекет шапшаң қимылдап, тиімді шешім қабылдай білді. Атап өтерлігі, банк секторына қатысты жыл басында қабылданған шешімдердің дұрыс болғандығына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов иненің сынығындай да күмәнданбайды. «Мен қаңтар-ақпанда бірлесе қабылдаған сол шешімдер барлық мүмкін шешімдердің арасындағы ең дұрысы деген пікірге сол кезде де және қазір де нық сенімдемін. Біздің салымшыларымыз, жалпы халық банк жүйесінің тұрақтылығына күмәнданбаса болады», - деді Үкімет басшысы кешегі баспасөз мәслихатында.

 Үлескерлердің үміті ақталып жатыр

Биыл Үкімет алаяқ компаниялардың арбауына түсіп, алданып қалған  үлескерлердің проблемасына айрықша көңіл бөлді. Елімізде жылжымайтын мүлік рыногындағы қордаланып қалған проблемалар жүйелі түрде шешіліп келеді. Мәселен, жыл басынан бері елімізде 62 мың үлескер болса, қазіргі таңда соның жартысынан астамының мәселесі шешімін тапты. Билік басындағылар 2011 жылдың соңына дейін алаяқ компанияларға алданған барлық үлескерлер пәтерлеріне кіретіндеріне сендіріп отыр.

 Ауылшаруашылығында мол астық жиналды

2009 жыл экономиканың аграрлық секторы үшін де оңай болған жоқ. Дейтұрғанмен, ауа райының қолайсыздығына және қаржылық дағдарыстың әсеріне қарамастан, салада даму қарқыны біліне бастады. Мәселен, егін шаруашылығы биылғы жылды табысты аяқтап отыр. Астықтың жалпы өнімі бункерлік салмақта шамамен 23 млн. тоннаны құрады. Бұл былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6 млн. тоннаға немесе 35 пайызға көп. Барлық дақылдар түрі бойынша дерлік өндіріс көлемі артты. Елімізде 700 мың тонна өсімдік майының дақылдары өндірілді, бұл рекордтық көрсеткіш. Осылайша еліміз тұңғыш рет ішкі нарықтың сұранысын отандық өсімдік майымен қамтамасыз етуге қол жеткізіп отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда күріш, картоп және жеміс-жидектерді өндіру көлемі 20-25 пайызға артты, мал шаруашылығы үшін жем дайындау 2008 жылға қарағанда 20 пайызға өсті. Сонымен қатар мал шаруашылығы саласында да тұрақты даму қарқыны сақталды. Бұл сала бойынша мал басы өсімі сақталып, саланың өнім өндіру ауқымы 4-6 пайызға ұлғайды. Биыл ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11 пайызға дейін артып отыр. Тұтастай алғанда, биыл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мықты негіз қаланды деп айтуға болады. Ең бастысы, халқымыз наннан таршылық көрмейді. Ішкі нарықтағы азық-түліктің қауіпсіздігіне қатысты алаңдамауларына болады.

Елді индустрияландыру бағдарламасы әзірленді

Президенттің тапсырмасымен биыл Үкімет бес жылдан екі кезеңге бөлінген Қазақстанды үдетілген индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын әзірлеуді аяқтап қалды. Бұйырса алдағы қаңтарда оның тұсаукесері болады. Бұл Қазақстанның дағдарыстан кейін дамуын қамтамасыз ететін елдің маңызды экономикалық құжаты болмақ. Алдын-ала есеп бойынша осы бағдарламаны жүзеге асырудан экономикаға келетін пайда (тиімділік) бес жылда 7 трлн. теңгеден асады. Үстіміздегі жылғы желтоқсанның 4-де Астанада Шетелдік инвесторлар кеңесінің 22-ші жалпы мәжілісінде Елбасы Қазақстанда бес жылдық индустриялық даму бағдарламасының аясында жалпы құны - 42 млрд. долларды  құрайтын 83 жоба жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Ал Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, алдын-ала мәлімет бойынша, Қазақстандағы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға 70 - 100 млрд. доллар қажет көрінеді. Қаржының басым бөлігін жеке инвестициялар құрайды, ал мемлекет бағдарламаны тең қаржыландырады және  тәуекелдің бір бөлігін өз мойнына алып, инфрақұрылымдық мәселелелерді шешеді.  

Кеден одағы құрылып, сауда-саттық жасайтын көкжиегіміз кеңейе түсті

Биыл Қазақстан үшін қабылданған маңызды саяси һәм экономикалық шешімдердің бірі - бұл Кеден одағының құрылуы болды. Ағымдағы жылғы қарашаның 27-де Минискіде Беларус, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары үш елдің арасында Кеден одағын құру туралы құжатқа қол ойды. Оған сәйкес, 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Беларус, Қазақстан және Ресейдің Біртұтас кедендік тарифі іске қосылады. Ал оны құру жөніндегі өкілеттік ұлтүстілік органға - Кеден одағының комиссиясына беріледі. 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап үш мемлекеттің - Беларус, Қазақстан және Ресейдің Біртұтас Кеден аумағы жұмыс істей бастайды. Осылайша енді аз уақытта 170 млн. адамдық ірі рынок пайда болады. Елбасының сөзімен айтсақ, Кеден одағы келешекте ықпалдастықтың барынша жоғары сатысына - Біртұтас экономикалық кеңістікті құруға негіз болады. Ең алдымен Біртұтас кеден аймағын құру  үш елдің әртүрлі бағыттар бойынша  кең ауқымды ынтымақтасу мүмкіндігін арттырады. Бірлескен өндірістер мен кооперацияларды құрудағы күш жігерді біріктіреді. Бұл жаңа индустрияландыру, тауарлардың сыртқы экспансиясынан бірлесіп қорғану үшін төтенше маңызды. Екіншіден, үш мемлекеттің азаматтары шекарадан өткенде кедендік төлемдерді рәсімдеусіз, көптеген құжаттарды рәсімдеуді күтпей-ақ,  бір-бірімен еркін сауда-саттық жасай алады. Үшіншіден, үш елдің ортақ рыногы 2 трлн. долларды құрайды, яғни, бұл инвестиция үшін тартымды деген сөз. Кәсіпкерлер қосымша ресурстарды тарта алады. Осылайша біздердің экономикаларымыз айтарлықтай серпін алып, жаңа жұмыс орындары құрылады, халыққа арналған өнімдердің түр-түрі кеңейеді. Төртіншіден, үш елдің рыногындағы бәсекелестік артады. Бұл тауарлардың сапасының жақсаруына, қолжетімділігіне ықпал етеді. Бұл үш елдің халқының өмір деңгейіне оң ықпал етеді. Бесіншіден, үш ел ауқымды транзиттік әлеуетін мейлінше тиімді пайдалана алады. Нәтижесінде, олардың табыстары ұлғаяды, бұл дегеніміз халық пен бизнесті қолдаудағы мемлекеттің де мүмкіндіктері ұлғаяды деген сөз. Сонымен қатар, қазақ, орыс және беларус кәсіпкерлері халықаралық рыноктарға шығуда, өздерінің өнімдерін сатуда жақсы шарттарға ие болады. Мәселен, қазақстандық компаниялардың Еуропа рыногына, біздің әріптестеріміздің Азия рыногына шығуы жеңілдейді. Осылайша Кеден одағы келешекте ықпалдастықтың барынша жоғары сатысына айналады. Бұған алғышарттар да жоқ емес. Ағымдағы жылғы желтоқсанның 19-да Алматы маңындағы «Ақбұлақ» кешенінде ТМД елдерінің бірқатар мемлекет басшыларының бейресми саммитінің отырысы болды. Саммитте Кеден одағына қатысушы елдердің президенттері - Нұрсұлтан Назарбаев, Дмитрий Медведев және Александр Лукашенко Біртұтас экономикалық кеңістік құру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды.

Цифрлар не дейді?

Еліміз дағдарысқа қарамастан 2009 жылды табысты аяқтағалы отыр. 2009 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша Қазақстанда Ішкі жалпы өнімнің өсімі 0,5-1 пайызды құрайтын болады. Ал  инфляция 6,3 пайыз деңгейінде болады. Жұмыссыздық шамамен 6,3-6,5 пайыз деңгейінде. Айтар ауызға оңай болғанымен, бұл цифрларға  жыл бойы Үкімет қажырлы жұмысының, миллиондаған қазақстандықтардың ерен еңбегінің арқасында қол жетті. «Дағдарыстан дамуға» бет алған Қазақстанның 2010 - Барыс жылында Орталық Азияның нағыз барысы болуға бет бұратындығына сенім мол. Лайым соған жеткізсін. Алдағы жыл еліміздің абыройын асқақтатып, мерейін тасытатын жыл болғай!

Соңғы жаңалықтар