Дағдарыстан кім бұрын шығады?
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат/ Ернұр Ақанбай/ - Қай елдердің үкіметі дағдарысқа қарсы бағдарламаларды жүзеге асыруда? Қай елде дағдарыстың алдын алу іс-қимылы нәтижелі, қайсысында нәтижесіз? Қай мемлекетте шаралар барынша өз уақытында және жедел қолға алынды? Қай елдерде әлеуметтік шиеленіс артуы мүмкін?
Қай елде экономикалық және саяси дағдарыстың барынша өткір салдары байқалып отыр? Қай ел дағдарыстан бұрын шығады?Нақ осы сауалдар Достастық елдерінің сарапшыларына қойылып, олардың берген жауаптары да тұтастай алғанда ТМД кеңістігі мен Балтық жағалауы елдеріндегі дағдарысқа қарсы іс-қимылдардың қандай деңгейде жүзеге асып жатқанын көрсетті. ?Дағдарыстан кейінгі әлем институты? Қоры жүргізген бұл зерттеулер наурыздың 23-і күні Мәскеудегі ?Интерфакс? ақпарат агенттігінде талқыланған болатын. Бірден айту керек, сұрау салынған сарапшылардың басым дені дағдарысқа қарсы іс-қимылда Қазақстанның күш-жігері мен жетістіктері өзгелерден көш ілгері екендігін бөле-жара атап көрсеткен.
Сонымен нақты деректерге жүгінсек, жоғарыда аталған сауалдар бойынша дағдарысқа қарсы күрестің көш басында негізінен Ресей мен Қазақстан үкіметтері жиі еске алынады. Мысалы, «Қай елдердің үкіметі дағдарысқа қарсы бағдарламаларды жүзеге асыруда?» деген сауалға қатысты сұрау салынғандардың 36-сы Қазақстанды, 47-сі Ресейді атаған. Бұдан кейінгі орындарда 15 реттен Эстония мен Литва, 12 реттен Украина мен Латвия көрсетілген. Сондай-ақ «Қай елде Үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-қимылы барынша нәтижелі?» деген сауалға сарапшылардың 63-і «Қазақстан», 71-і «Ресей» деп жауап берсе, дағдарысқа қарсы іс-қимылды 8 адам Қазақстанда, 33 адам Ресейде нәтижесіз деп бағалапты. Ал енді қай елде әлеуметтік шиеленіс артуы мүмкіндігіне келсек, бұған қатысты жауап бергендердің ең көбі Украина мен Ресейді еске алып, 78 адам Украинаны, 43 адам Ресейді меңзепті. Қазақстанда ондай шиеленіс артуы мүмкіндігін 18 адам жорыған. Сол секілді экономикалық және саяси дағдарыстың салдары өткір болуы мүмкіндігін де 11 адам топшыласа, бұған қатысты 91 адам Украинаны, 39 адам Ресейді атап көрсеткен. Сонымен қатар, қай ел дағдарыстан бұрын шығады дегенде, сұрау салынғандардың 56-сы Қазақстанды, 60-ы Ресейді бірінші орында атаған. Мұнан кейінгі орында 20-21 адам Латвия, Литва және Эстония дағдарыстан өзгелерге қарағанда бірінші болып шығуы мүмкіндігін айтқан. Бұл сауалнамадан қандай түйін жасауға болатынын оқырманның өзіне қалдырып, біз енді жекелеген адамдардың пікірлерін келтіре кеткенді жөн көрдік. ГУ-ЭЖМ қор рыногы және инвестиция рыногы кафедрасының доценті Андрей Столяров: «Ұзақ уақыт бойы Қазақстан нақты экономикалық саясаттың тірегі болып келді. Бізде жасалмаған нәрсе оларда жасалды. Зейнетақы жүйелері ? супер. Өңірлік қаржы жүйесін құруды да олар ертерек бастады», - деген баға береді біздің елге қатысты.
Ал Мемлекеттік Думаның қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Михаил Гришанков: «Қазақстан бір жарым жылдан астам уақыттан бері көптеген шараларды жүзеге асыруда ? дағдарыс оларда ертерек басталған. Қазір үкімет салық кодексін жедел өзгертіп жатыр, бизнестің қандай бағыттары тезірек дамитынын ескеруде»,-дегенді айтады. Ал Вячеслав Буньков Қазақстан девальвацияның Ресейде бірте-бірте жүргізілгенінің теріс тәжірибесін ескеріп, өз девальвациясын тез өткізгенін алға тартса, Александр Филатов дағдарыстың алғашқы белгілері біліне бастасымен Қазақстан үкіметі компаниялардан құрылысы аяқталмаған нысандарды сатып ала бастағанын айтады. Ал мына бір пікір тіпті өткірлігімен ерекшеленеді десек болады. РФ Федерациялар кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, сенат депутаты Василий Лихачев былай дейді.
"Дағдарыстан шығудың тәжірибелік үлгісін жасау жолдарын енді ғана іздестіре бастаған ресейлік экономистер маған ренжімесін. Қазақстан үкіметі шағын және орта бизнес саласын қамтитын бағдарламалар шарасын енгізді. Қазақстанның қаржы институттарын қайта құру мен нығайтуды, жұмыссыздықты жою мен жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейтін арнайы шаралар қабылдады. Бұл қадамдардың бәрі қызықты. Олардың әрқайсысының артында экономикалық ой және ең бастысы нақты қор бар. Сондықтан да Қазақстанның дағдарыстан шығу үлгісі шынында да белгілі бір дәрежеде бірегей әрі қызықты. Менің ойымша, бұл мәселеде ең көрнекті рөл Астананың еншісінде болатын сияқты».Бұл тағы да өзіміздің емес, өзгелердің, біздің әр қадамымызды сырттан бақылап отырған бөгде жұрттың пікірі. Олай болса, Елбасы айқындаған, Үкімет жүзеге асырып жатқан «Бес батыл қадам. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары» аясындағы жұмыстардың бағыты дұрыс, нысанасы дәл деп тұжыруға болатын сияқты. Тек «жұмыла көтерген жүк қана жеңіл болатынын» үнемі қаперде ұстап, ынтымақты тірлікпен іс қыла білсек болғаны.