Энергетика министрі елдегі жанармай қоры туралы мәлімет берді
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжілістегі электрмен жабдықтау жүйесін жетілдіруге арналған жиыннан кейін БАҚ өкілдеріне елдегі жанармайдың қоры туралы мәлімет берді.

— Ақпан айында мемлекет бензин мен дизельдің бағасын реттеуден кеткенін білесіз. Бұған дейін де айтқанымдай бағаны іштегі сұраныс, ішкі ұсыныс айқындайды. Қазіргі таңда бензин жеткілікті мөлшерде, мол. Қателеспесем бензин қоры 42 күннен асады. Сондықтан бензин бағасын көтеретіндей негіз жоқ деп ойлаймын. Дизель отынына келсек, қоры 28 күнге жетеді. Дизель болмай қалады дейтіндей ешбір алаңдаушылық жоқ. Ауылшаруашылық тауар өндірушілерді дизельмен басымдық негізінде қамтамасыз етіп отырмыз. Энергетика министрлігі өзі атаған көлемді қамтамасыз етеді, қамтамсыз етіп отыр да. Сондықтан егіс науқанына алаңдап отырған жоқпыз. Жалпы жанармай нарығы артығымен теңгерімді жағдайда тұр. Сұраныс пен ұсыныс жеткілікті, — деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда электр тарифін көтеру мәселесі де күн тәртібінде жоқ екенін айтты.
— Жыл басында электр қуатының тарифтері көтерілген. Қателеспесем, елдегі негізгі электр қуатын генерациялайтын 7 кәсіпорында жақын уақытта тариф көтеру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Қазіргі таңда ондай мәселені қарастырып отырған жоқпыз, — деді министр.
Сондай-ақ, өткен аптада Энергетика министрлігі Екібастұзда жаңа электр станциясын салуға тендер жариялаған еді.