«Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 400 тоннадан астам өнім ұсынылады
АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада республика бойынша жәрмеңкелерге 7 568 тонна ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды. Оның ішінде Астанада 400 тоннадан астам өнім ұсынылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлім етті.
Қазақстанда үшінші апта қатарынан «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтіп жатыр. Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған жәрмеңкелерде отандық фермерлер өз өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыларға ұсынады.
— Осы демалыс күндері елордада Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады. Жәрмеңкелерде өнім бағасы тиімді. Өткен аптада бірқатар тауарлары нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылды. Мәселен, Астанада сиыр және жылқы етінің келісі 3 500 теңгеден ұсынылса, Қостанайда сиыр еті 3 200–3 500 теңге, жылқы мен қой еті 3 мың теңгеден басталды, — делінген ведомствоның хабарламасында.
Жәрмеңкелерде ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, балық, дәнді дақылдар және басқа да отандық өнімдер ұсынылады. Ет өнімдеріне сұраныс жоғары.
«Дала дәмінің» басты ерекшелігі — фермерлердің өнімдерін тікелей сатуы. Сауда орындары жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тегін беріледі.
Жәрмеңкелер еліміздің барлық өңірінде әр демалыс сайын жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада Маңғыстау, Алматы және Абай облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.