Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Даламен келе жатқан Президент - Ғарышкердің жерге оралған сәтінен естеліктер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 22 жыл бұрын, 1994 жылдың 4 қарашасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Союз ТМ-19» ғарыш кемесімен Жерге оралған қазақстандық Талғат Мұсабаевты, ресейлік Юрий Маленченконы және неміс Уоьф Мербольдті Торғай өңірінде салтанатты түрде қарсы алған еді.

Даламен келе жатқан Президент - Ғарышкердің жерге оралған сәтінен естеліктер



Бүгін Ақорданың баспасөз қызметі сол бір тарихи кездесуден сыр шертетін мұрағаттық суретті жария етті. Бұл ғарышқа сапардың Қазақстан тарихы үшін орны ерекше. Өйткені, Талғат Мұсабаев 

125 тәулік 22 сағатқа созылған сол сапарында ашық кеңістікке шыққан алғашқы қазақ перзенті болды. Бұл сапарға қазақ ғарышкері Қазақстан Республикасының көк байрағын, күллі мұсылман жұртына қасиетті Құран кітабын және бір уыс қазақ топырағын ала барды. Сәл кейінірек Мұсабаев «ҚазАқпарат» ХАА-ның «Байқоңыр» ғарыш кешеніндегі тілшісі Сара Нұрғалиеваға Жерге оралған сәтін тарқата айтып берген болатын. Соның негізінде журналистің «Теңдік белгісі» деп аталатын деректі повесі де жарық көрген еді.

 

 

«Даламен келе жатқан Президент»

1994 жылдың 4 қарашасы болатын. біз Арқалыққа тақау жерге, қаланың солтүстік-шығысына қарай 77 шақырым жерге қондық. Қонып келе жатқан аппараттың терезесінен көрген ең бірінші көрінісім күзгі далада келе жатқан Президент болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы бізбен кездесуге асық болды. Арқалық даласындағы сол бір күзгі пейзаж жаныма жақын. Күнге күйген капсула жанында тұрған түрінен әкелік қамқорлығы байқалатын Президент бейнесі менің өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі ретінде мәңгі сақталды. Біздің ұшу сапарымыз кезінде де Назарбаев біздің экипажбен байланысқа шыққан болатын. Ол Республика сарайындағы салтанатты жиын еді. Біздің Президентпен сөйлескеніміз бүкіл залға естіліп тұрды. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы маған былай деген еді: «Мен сені шығарып салдым, енді өзім қарсы алатын боламын. Жұмыс істе, жарайсың!».  Сол уәдесінде тұрды. Білесіздер ме, ғарышкерлерді бірде-бір президент қонған жерде қарсы алған емес. Әдетте ғарышқа шығарып салады, ал қарсы алу бірінші рет болды. Кеудемді мақтаныш сезімі биледі. Мен орнымнан тұрып, скафандрмен Нұрсұлтан Әбішұлына жақындап, біздің ұшу сапарымыз аяқталғандығы туралы қазақ тілінде баяндап бердім. Ол мені құшақтап, ризашылығын білдірді. Содан кейін Арқалықта салтанаты кездесу болды.




Жерге қону сәтіміз де «жұмсақ» болды. Біздің қонуымыз қиынға соқты. Өйткені, қапталдан жел соғып тұрған еді. Біз алдымен капсуланың түбімен жерге соғылдық. Одан кейін төңкеріліп, люк соққы алды. Тағы да төңкеріліп барып, капсула түбі жерге тірелді. Әрине, Мербольд қайран қалды. Ол бұған дейін екі рет «шаттлмен» ұшқан еді.  жерге қонғаннан кейін бірнеше минут тыныстауға уақыт болды. Біз креслода таңылып жаттық. Байланыс арқылы бізге капсула ішінде қалуды, шықпауды өтінді. Сол кезде Мербольд «айтыңыздаршы, жұмсақ қону деген осы ма?» деп сұрайды. Мен әрине, жұмсақ деп жауап бердім. Ол жауап ретінде «О-о-о!!!» дейді көзі ұясынан шығып.

 

Ғарышқа ұшу сапарларының қиын болуына байланысты Юрий Маленченко мен Талғат Мұсабаев 1994 жылдың 24 қарашасында Ресей Президентінің Жарлығымен Ресей Федерациясының жоғары наградасы Алтын жұлдыз медалімен «Ресей батыры» және «Ұшқыш-ғарышкер» атағын  алды. 1995 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан Президенті де арнайы Жарлықпен Талғат Мұсабаевқа еліміздің ең жоғары «Халық Қаһарманы» атағын берді. 

Талғат Мұсабаев 1994 жылдың  1 маусымынан 4 қарашаға дейін (ұзақтылығы 127 тәулік) «Союз ТМ» ғарыш кемесінде борт-инженер ретінде ғарышта болды. 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне (жалпы ұзақтылығы 11 сағат 06 мин) шықты. Ұшу кезінде қазақстандық ғылыми зерттеулердің 2-бағдарламасын орындады. 1998 жылдың  29 қаңтары мен 25 тамызы аралығында (ұзақтылығы 208 тәулік) «Союз ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің кеме командирі ретінде ғарышта болды. Ұшу кезіңде  5 рет ( жалпы ұзақтылығы 30 сағат 08 мин) ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Мұнда ғылыми зерттеулер мен эксперименттердің қазақстандық 3-бағдарламасын орындады. 2001 жылдың 28 сәуірі мен 6 маусымы аралығында «Союз ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық стансасына барған бірінші экспедициясының экипаж командирі болды. Бұл ұшу кезінде ғылыми-зерттеулер мен эсперименттердің қазақстандық 4-бағдарламасын орындады.