«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Алматы облысында «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы аясында консалтингтік іс-шаралар өткізіп жатыр
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы аясында консалтингтік іс-шаралар өткізіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қыркүйектің 11-і күні «Даму» қоры мен Алматы облысының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған еді. Бұл келісімнің нәтижесі бойынша қыркүйектің 21-інен бастап қор мамандары облыстың барлық аудандарында кәсіпкерлік бастамашылығы бар тұрғындарға ақысыз екі күндік оқу курстарын өткізуді бастады
«Даму қорының негізгі мақсаты - өз ісін ашам деген азаматтарға жұмысты қалай бастап, оны қалай жүргізу керектігін теориялық және тәжірибелік тұрғыдан оқытып, үйрету. Осы іс-шаралар барысында біз кәсіпкерлерге арнайы дәрістер өткізудің қажет екеніне көзіміз жетті. Алдағы уақытта енді кәсіпкерлік мәселесі бойынша тегін кеңес беретін орталықтар ашу жоспарланып отыр», дейді Даму» қорының Алматы облысындағы аймақтық филиалының директоры Талап Рахманов.
Оның айтуынша, бұған дейін «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы аясында Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларында және Қаратал, Алакөл, Іле аудандарында семинар-кеңестер өткізілген. Мұндай іс-шаралар қазан айының 22-сіне дейін республиканың өзге аймақтарында да жүргізілмек.