«Даму» қоры Қызылордада «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының жүзеге асуы бойынша аралық нәтижелер» тақырыбында кеңес ұйымдастырды

ТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облыстық әкімдігімен бірлесіп, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының жүзеге асуы бойынша аралық нәтижелері» тақырыбында семинар-кеңесін ұйымдастырды.

«Даму» қоры  Қызылордада «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының жүзеге асуы бойынша аралық нәтижелер» тақырыбында кеңес ұйымдастырды

Сонымен қатар, осы күні республикалық және аймақтық БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған өндірістік кәсіпорындарына баспасөз-тур ұйымдастырылды.

Жиын барысында қызылордалық кәсіпкерлер бір арада топтасқан бағдарламаны жүзеге асыруға қатысы бар барлық мекеме өкілдерінен («Даму» қоры, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, екінші деңгейлі банктер) «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша ауқымды ақпарат және қажетті кеңестер алып, өздеріне несиелеу жүйесі ыңғайлы талаптарға ие банктерді таңдау мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, осы жиында Қызылорда облысының кәсіпкерлері көкейлерінде жүрген іскерлік байланыстарды арттыруға және тұтыну нарығының аумағын кеңейтуге, әрі бизнеске қызмет көрсетудің қолдауына бағытталған сұрақтарына да жауап тапты.

Жалпы алғанда, бүгінгі күні «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы кәсіпкерлерді қолдаудың нақты құралы ретінде танылып, оған деген бизнес-қауымдастықтың сұранысы күткендегіден де асып түскендігін атап өтуге болады.

Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша сомасы 71,2 млрд. теңгені құрайтын несие бойынша барлығы 409 субсидиялау келісім шартына қол қойылған және құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын 18 кепілдендіру келісімшарты жасалған.

«Кәсіпкерлік секторды сауықтыру» бағыты аясында 92,3 млрд. теңге көлеміндегі несиелер бойынша 115 субсидиялау келісім шарты жасалған.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша барлығы 38,5 млрд. теңгені құрайтын несиелер бойынша 47 келісімшарты жасалып, банктік несие бойынша пайыздық ставкалар субсидиялануда.

Ал, Қызылорда облысы бойынша бағдарламаның жүзеге асуынан бастап, барлық саны 23 өтінімді құрайтын отандық кәсіпкерлердің жобалары аймақтық үйлестіру кеңесімен мақұлданған. Банктен алынған несиенің пайыздық ставкасы бойынша субсидиялау 8 кәсіпкердің 10 жобасы бойынша төленуде, бір жоба бойынша 4,2 млн. теңгені құрайтын «Даму» қорының кепілдемесі берілген. Мақұлданған жобалар бойынша қарыз қоржыны сомасы 2 млрд. теңгеден асады, сонымен қатар 17 млн. теңге көлеміндегі қаражат отандық кәсіпкерлер үшін банкке төленген.

Бағдарламаның барлық үш бағыты бойынша келісімшарттардың басым бөлігі Қарағанды облысында 70 жоба бойынша жасалған. Сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша 61, Павлодар облысы бойынша - 54 келісімшарт, Алматы облысы бойынша - 48 келісімшарттарқа қол қойылған.

Салалық кескінде қарайтын болсақ, жасалған келісімшарттардың ең басым бөлігі өндіріс саласына тиесілі - 279.

Қорыта келгенде, бағдарламаның барлық үш бағыты аясында 32 000 астам жұмысшы саны бар 589 кәсіпорынға қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, жобалардың жүзеге асуынан қосымша тағы 18 000 астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.