«Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында зауытқа 0% мөлшерлемесімен несие берілді
АЛМАТЫ. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның өңдеу өнеркәсібін қолдауға арналған «Даму-Өндіріс» және еліміздің әр өңірі үшін маңызы бар кәсіпкерлік жобаларды
қолдауға арналған «Даму-Аймақтар-2» бағдарламалары бойынша қолдауға ие болған кәсіпкерлік субъектілері «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасына қатысу арқылы жеңілдіктерге қол жеткізуде, деп хабарлайды "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ баспасөз қызметі.
Мәселен, «Кентау трансформатор зауыты» АҚеліміздегі ірі трансформатор шығаратын зауыт болып табылады. Сонымен қатар бұл зауыт, шығарылған трансформаторларын шет мемлекеттерге үлкен көлемде экпорттайды. Бұл кәсіпорынның «БТА Банк» АҚ-дан алған несиесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның «Даму-Өндіріс» бағдарламасының аясында қайта қаржыландырылып, несиелік мөлшерлемесі 8%-ға төмендетілген еді. Экспортқа өнім шығаратын маңызды аймақтық кәсіпорын ретінде «Кентау трансформатор зауыты» АҚ енді тағы бір мемлекеттік қолдауға ие болды. Яғни, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының үшінші бағытының шарттары бойынша, кәсіпорынның 8%-дық несиелік мөлшерлемесі «Даму» қоры тарапынан толығымен субсидияландырылады. Нәтижесінде, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ «БТА Банк» АҚ-дан алған несиесінің пайыздық мөлшерлемесі 0%-ды құрайды. Бұл зауыт республика аумағында 0% мөлшерлемесімен несиеге ие болған алғашқы жоба болып отыр. Бүгінгі күні зауытта 940 жұмысшы істейді, жыл соңына дейін 25 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Тағы бір мысал ретінде, ШҚО-дағы БЖК-2020 бағдарламасы шеңберінде Өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдаған «БЭСТ» автокөлік кәсіпорны» ЖШС-нің жобасын атап өтуге болады. Қаладағы маңызды деген бірнеше бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын ұйымдастырып, тіпті қала маңындағы бірқатар елді мекен, демалыс аймақтарына жолаушы тасымалдауды жолға қойған бұл жоба да бұған дейін «Даму» қорының «Даму-Аймақтар-2» бағдарламасы бойынша 8%-дық үстемемен жеңілдетілген несие алған.
Айта кетерлігі, «Даму-Аймақтар-2» бағдарламасы 2010 жылдың қыркүйегінен бастап іске асырыла бастады және аймақтар үшін басымды салалардағы шағын және орта кәсіпкерліктің жобаларын жеңілдікпен қаржыландыруға «Даму» қорының өз қаражаты есебінен 11 млрд. теңге бөлінді. Бағдарлама бойынша қаржы әр аймаққа 500 млн. теңгеден бөлінсе, Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды өңірінің әрқайсысына бөлінген қаржыландыру көлемін «Даму» қоры 500 млн. теңгеден 1,5 млрд. теңгеге дейін ұлғайтып отыр.