Дамуға ресми көмек туралы заң арқылы Қазақстанның сыртқы саясаты жаңа деңгейге көтеріледі - М. Әшімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Дамуға ресми көмек туралы» заң жобасы арқылы Қазақстанның сыртқы саясаты жаңа деңгейге көтеріледі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде Қазақстанның басқа мемлекеттердің дамуына ресми көмек көрсету туралы дөңгелек үстелде жиынға жетекшілік еткен комитет төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай мәлім етті.

Дамуға ресми көмек туралы заң арқылы Қазақстанның сыртқы саясаты жаңа деңгейге көтеріледі - М. Әшімбаев

Депутаттың айтуынша, «Дамуға ресми көмек туралы» заң жобасы Қазақстан үшін әсіресе сыртқы саясатты жүзеге асыру тұрғысынан аса маңызды құжат болып табылады. «Жалпы, «Дамуға ресми көмек туралы» заңды қабылдаудың өзі еліміздің тарихындағы айтулы оқиғаға жататын еді. Өйткені, бұл құжат негізінен қазақстандық сыртқы саясаттың жаңа деңгейге шыққанын аңғартады», - деді Мәулен Әшімбаев.

Бұл ретте депутат соңғы жылдары Қазақстанның халықаралық жобаларға белсенді қатысып отырғанын айтып, еліміздің өңірлік, халықаралық және жаһандық бастамалары әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тауып отырғанын жеткізді.

«Жалпы, басқа мемлекеттерге даму үшін ресми көмек көрсету ең алдымен еліміздің имиджін көтеруге септігін тигізеді. Ал заң жобасы аясында біз осы мақсатта жұмыс істейтін арнайы агенттікті құруды қарастырамыз. Яғни, Қазақстанның басқа мемлекеттердің дамуына ресми көмек көрсетуімен айналысатын арнайы мамандандырылған операторы құрылатын болады», - деді М. Әшімбаев.