Дамыған елдердің экологиялық заңдылықтарды сақтау тәжірибесін біз де үйренуіміз керек– Мәжіліс депутаты В. Киянский

АНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету қызметін абыроймен атқарып келеді. ЕҚЫҰ-ның қызметі әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдер бойынша жүргізілетіні анық. Астана қаласындағы ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі,

Дамыған елдердің экологиялық заңдылықтарды сақтау тәжірибесін біз де үйренуіміз керек– Мәжіліс депутаты В. Киянский

техника ғылымдарының докторы, профессор Виктор Киянский ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, өз ойларын ортаға салды.

- Виктор Владимирович, үстіміздегі жыл Қазақстан үшін аса маңызды болып отыр. Еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. ЕҚЫҰ-ның үш өлшемінің бірі - экологиялық бағдар. Сіз экология мәселесімен айналысып жүрген депутаттың бірісіз. Енді осы тақырыпта ой-пікіріңізді ортаға салсаңыз?

- Қазақтар ұқсастық тапқанды жақсы көретін халық қой. Мен сөзімді мына бір оқиғадан бастар едім. Қазан айының соңында Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапарының аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Брюссель қаласындағы «Эгмонд Палас» корольдік сарай аумағында ядролық сынақ, экологиялық және техногендік апат құрбандарына арналып салынған ескерткішті ашқаны белгілі. Ескерткіш екі тастан құралған. Бірі жасыл, екіншісі қара тастан қашалған. Жасыл түсі өмірдің белгісі болса, қара тас атом бомбасының жарылысын бейнелейді. Ескерткіштің жоғары жағында алтын күннің аясындағы халықтың бірлігі мен бейбітшілікке ұмтылысы көрініс тапқан. Ескерткіштің төменгі жағында өмірді бейнелейтін ағаштың өсіп келе жатқаны бейнеленген. Осы ескерткіште Қазақстан Президентінің 1991 жылғы «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығы және БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамыз - Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарары қашалып жазылған.

Сіз байқасаңыз, біз Еуропаның қақ ортасында осы ескерткішті орнатып тұрмыз. Ол - біздің әлем бойынша ядролық қарудан бірінші болып бас тартқанымыздың белгісі. Бұл ескерткіштің ашылуы еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз бен келесі жылғы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өте жарасым тауып тұр.

Әлем бойынша үшінші орындағы ядролық арсеналға ие бола тұрып, біз «Жоқ, жақын көршілерімізбен, алыстағы елдермен өзара байланыс орнатудағы бұл біздің қолданатын тәсіліміз емес!» деп айттық. Біз шоқпар көтеруді емес, тәуелсіздік алған кезден бастап-ақ бейбітшілікке деген ұстанымдарымызбен сенім орнатқымыз келетінін жария еттік.

Біздің мемлекеттігіміз экологиялық қиын жағдайлар кезінде қалыптасты. Ел тұрғындары Семей сынақ аймағының зардабын бастан кешіп жатты. Жер бетіндегі аса қауіпті бес сынақ аймағын жабу мәселесі алға қойылды. Қазір өзге елдердегі сынақ аймақтарының жұмысы тоқтатылып тұр. Біз өз полигонымызды жаптық. Сол арқылы әлемге үлгі көрсете білдік. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде «Біз ядролық қарудан бас тарттық!» деп тек теория түрінде емес, іс жүзінде айта аламыз. Сондықтан біз өзге алпауыт елдерге «Қалай айтсаң, солай істе!» деп айтуға толық мүмкіндік алып тұрмыз.

Экологиялық мәселелерге депутаттардың қосқан үлесіне тоқталсам, осы төртінші шақырылымдағы Қазақстан парламентшілері Киотахаттамасын заң түрінде бекітті. Осы құжат аясында 2020-2050 жылдарға дейінгі табиғатқа шығарылатын экологиялық зияны бар қалдықтарды азайту жөніндегі мақсат-міндеттерді орындау қолға алынды. Қазіргі кезде Қазақстандағы барлық кәсіпорындар парниктік газдарды шығаруды азайтуға міндетті. «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң қабылданды. Біз қазір «Энергия үнемдеу туралы» жаңа заңды қабылдауға дайындап жатырмыз. Осындай заңдардың өмірге келуі біздің елді еуропалық стандарттарға жақындата түседі. Екінші жағынан, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде өзіміз де белсенді түрде оқып-үйреніп жатырмыз. Еуропадағы алдыңғы қатарлы тәжірибені меңгергіміз келеді. Сондықтан «Бізге ЕҚЫҰ-ның қажеті қанша?» деп кейбіреулердің қателескені осы жайтардан-ақ анық көрінеді. Біз өз елімізді әлемге көрсетіп қана қоймаймыз, ол жақтан да бізге қажеттіні алуға тынысамыз. Біз шеткері қалған ел болғымыз келмейді.

- Батыс елдерінің қандай тәжірибесін қабылдағанымыз жөн? Осы жағын тарқатып айтсаңыз?

- Еуропаның энергияны үнемдеу жөніндегі тәжірибесі, олардың дамытып отырған энергияны баламалы түрде өндіру тәсілі өнеркәсіп саласындағы экологиялық ұстанымы бізге өте қажет.

ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету шеңберінде біз қазірдің өзінде Қазақстанға жел энергиясын өндіретін, сондай-ақ күн энергиясын алатын құрал-жабдықтарды әкелу туралы бірқатар Еуропалық елдермен келісім-шарттар жасасуға қол жеткіздік.

Бүгінде Ақтау қаласында Күн энергиясын жинайтын батареяны шығаратын зауыт салынып жатыр. Қазір жылу сорғыштарын жетілдіру үстіндеміз. Айталық, Өскеменде жылу сорғышын шығаратын зауыт еліміздің индустриалық-инновациялық бағдарламасы бойынша іске асып жатқан болса, кейбір зауыттар екі ел арасындағы келісімдерге сәйкес бірлескен кәсіпорын түрінде салынуда. Дегенмен бұлардың барлығы да инновациялық жобалар.

Біз Еуропадан энергияны тиімді пайдалануды үйренуіміз керек. Бүгінгі таңда біздегі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) өте ауқымды көлемде энергияны тұтынушы болып отыр. Энергияны тұрмыстық қажеттілікте тұтынуымыз Еуропадан 4 есе көп. Біз әлі күнге дейін суды, материалды үнемдеуді үйренген жоқпыз. Заңнамамыз бұл сала бойынша кейін қалып келеді.

Экологиялық түсінік өте көп салалы. Бүгінгі таңда егер энергияны, материалдық резервтерді үнемдеуде бәсекеге қабілетті бола алса, ондай өнеркәсіпті тиімді деп айта алар едік.

Мен кейде болашақта «Запорожец» секілді көлікпен тек байлар жүреді деп әзіл айтамын. Өйткені ол қанша шақырымға қаншама жанармай үнемдейді? Келешекте жанармайды көп жұмсайтын автокөліктер мен ұшақтар тиімсіз болады. Әлемдік қаржы дағдарысын әркім әр түрлі айтады. Мен оны энергия ресурсының дағдарысы дер едім. Ол қаржы дағдарысы емес. Қаржы өндіріске тәуелді болады. Өйткені ресурстардың шығысы бәсекеге қабілеттілікті анықтайды. Қазір Жапония, Франция, АҚШ секілді елдер қаржы дағдарысынан қалай шығып жатыр десек, олар шығыны аз, тиімді автокөліктердің, ұшақтардың, тұрғын үйлердің жаңа үлгілерін жасап шығару арқылы дағдарысты еңсеріп отыр. Дағдарысты тек қана экономикалық тиімді жобаларды қолға алуға пайдалана білуде. Мен, қазір динозаврлар өліп жатыр, ал барлық кесірткелер тірі қалуда деп айтар едім. Кесірткелер қоршаған ортадағы өзгерістерді тез аңғарады және тез бейімделеді. Егер көп май жағатын көліктер қатардан шығып қалып жатса, жаңадан құрастырылған түрлері пайда болады. Жылуды аз ұстайтын үйлер де қолданыстан шығады. Яғни, олардың орнына энергияны екі-үш есе аз тұтынатындары сұранысқа ие болады. Энергия өндірісі де көп шығынды азайту үшін күн қуатын пайдалану жолына көшеді.

Дағдарыс бұрын да болған, алдағы уақытта да болады. Бір елдер дағдарыстан мүлдем шыға алмайды, енді бірі энергияны үнемдейтін жаңа технологиялар арқылы шығады. Сондықтан біздің қоғамда қандай қуат көзі болса да, орын-орнымен жұмсауды ойлай білуге үйренуіміз керек. Байлықты төгіп-шашу, талан-таражға салу кешегі күннің үлесінде қалуы тиіс. Егер сіз ұзақ өмір сүргіңіз келсе, қанша кірісіңіз, қанша шығысыңыз бар екенін ойлауыңыз керек. Әркезде оның балансы оң болуы қажет. Отбасында, мемлекетте, компанияда мұндайға мән берілмесе, банкротқа ұшырайтыны сөзсіз. Сондықтан озық елдердің тәжірибесін үйренуіміз қажет.

- Кейбір елдердің мысалдарын келтіре отырсаңыз?

- Мен Польшаның, Германияның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша тәжірибелерін зерделеп көрдім. Бізде «Хрущевка» деп аталатын үйлер бар емес пе, сол секілді ол елдер де ертеректе салынған тұрғын үйлер бар. Олар ондай үйлерін екі-үш есе энергияны аз тұтынатындай етіп жөндеп алды. Бұған кіреберістерді, дәліздерді, шатырды, қабырғаларды жылуды шығармайтын, салқынды өткізбейтін қаптамалармен қымтау арқылы қол жеткізген. Су және жылу есептегіштер орнатқан. Осындай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде электр энергиясын пайдалануды 25 пайызға қысқартқан. Польшада «Жаңа электр станциясын салу керек! Жаңа жылу электр орталығы қажет!» деп тұрғындар біраз шу көтерген еді. Ал әлгіндей жөндеу жұмыстарын жүргізген соң, есептеп қараса, жылу қуаты жеткілікті екен. Жаңа нысанды салған да жоқ. Қазір тұрғындар тарапынан шағым жоқ. Ескі үйлер жаңа заманның материалдарымен жөнделіп, сәнді болып шыққан. Іргетасынан бастап шатырына дейін қапталған. Оның сыртында нәтижелі жұмыстың арқасында тұрғындар төлемақыны 10-15 пайыздай аз төлейтін болды. Өйткені олар өз үйіндегі есептегіште көрсетілген, өздері тұтынған мөлшерінде ғана ақша төлейді. Ал егер көшеде бу күйінде шығып жатқан жылуға енді энергияны беруші компания төлейтін болды. Соған орай компаниялар құбырларды жөндеп, жаңасын орнатқан. Еуропа елдерінің әрбір ТКШ айына бір жеке газет шығарады, тұрғындарға энергия көздерін қалай үнемдеуді үйретеді және басқа ақыл-кеңестерді береді, оң тәжірибелерді көрсетеді.

Ең бастысы, Еуропа елдерінде үнем жасаған өндіріс орны да, әр түрлі мекемелер де, жеке адам да ескерусіз қалмайды. Мәселен, бір мектеп бес жылдың көлемінде жылуды тұтынуда 15 пайыз үнем жасаса, оның сол 15 пайызға тиесілі қаржысын өзінде қалдырады. Сондықтан үнем жасауға ірі компаниялар да, тұрғындар да - бәрі де ынталы болып отыр. Мұндай тәсілді мемлекеттің өзі қолдайды.

Сондай-ақ үнем жасағандарға банктер де оң көзбен қарайды. Несие алған адам қандай деңгейде үнем жасаса, сонша көлемде өтейтін қарызы шегеріледі. Мұндай тәсілдер өте ашық жүргізіледі. Ешқандай күмән туғызатын тұстары жоқ.

Бұл біздің Еуропамен саяси және экономикалық тұрғыдан алғанда бір жылмен шектелмейтін, әрі қарай жалғасатын өзара байланыс жасауымыздың бастауы деп білемін.

Еуропаның да бізден үйренетіні бар. Атап айтқанда, ұлтаралық келісім және басқа мәселелерді шешудегі тәжірибеміз үлгі болып отыр. Ақылды адам әрқашан басқа адамнан үйренеді.

Қазір біздің мемлекеттік қызметкерлер де, экологтар да тәжірибе жинауда. Бізде экологиялық салықты енгізуді енді ғана қолға алып жатырмыз. Ал ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің басым бөлігінде экологиялық салық салу қызметі көптен бері жүргізіліп келеді. Айталық, автокөлікке экологиялық салық салынбайды, бірақ жанармай арқылы ұстайды. Егер адам көлікпен көп жүрсе, қоршаған ортаның ластануына өз әсерін тигізген адам ретінде салықты көбірек төлейді.

- Соңғы жылдары тынық күндері қарасаңыз, Астананың үстінде түтіннің «бұлты» тұрып алатын болды. Мұның себебі не? Бұрын болмаушы еді ғой? Қаланың Жылу электр орталығы, сондай-ақ мүмкін жеке сектордағы тұрғын үйлердің көмір жағатыны да ауаның ластануына өз әсерін тигізіп отырған шығар?

- Біріншіден, қазір бізде автокөліктің саны анағұрлым өсіп кетті. Қаланы түтінге тұншықтыруда негізгі үлес автокөліктерге тиеді. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Еуро-3» талабына сәйкес келмейтін ескі машиналарға заңмен шектеу қойылады. Автокөлікке қатысты әкімшілік шара қолданып отырмыз. Бірақ заң жүзінде де талаптар қойылғаны жөн. Өкінішке қарай Парламентте бюджетті талқылау барысында қымбат және қозғалтқышының көлемі жоғары, жанармайды көп шығындайтын «Джип» секілді автокөліктерге салықты ұлғайту жөніндегі ұсыныс қолдау тапқан жоқ. Ол дұрыс ұсыныс еді. Өйткені ондай үлкен көліктер ауаға көмір қышқыл газын көп шығарады. Сонымен қатар экологиялық салық салуды жолға қойғанымыз жөн. Қанша жанармай жұмсасаң, салығың да соншалықты болады.

Мәселен, Германияда жауған жауынға да салық төленеді. Өте қызық. Қалай дейсіз бе? Егер сіздің жеке үйіңіз болса, оның төңірегін күтіп баптауыңызға байланысты салық төлейсіз. Егер аулаңыз жасыл-желекке толы болса, салықтан босатыласыз. Өйткені жауған жауын, шатырдан аққан су топыраққа сіңіп кетеді. Ал сіз ауланың жартысын бетондап, жол салып, асфальттап тастаған болсаңыз, шамамен алғанда 50 еуро төлейсіз. Егер түгелдей тас төселген болса, 100 еуро төлеуге мәжбүр боласыз. Бастапқыда бұл тұрғындардың қарсылығын тудырған. Қазір бұған адамдар үйреніп алған. Соған орай ауласындағы асфальтты алып тастап, табиғи гүлдер мен шөптерді өсіруге, ағаштар егуге бейімделген. Еуропада тұрғын үйлерден шығатын түтінге де қатаң бақылау жасалады, күкіртті газға шектеу қойылады.

- Астана аумағы жылдан-жылға ұлғайып барады. Жаңа ғимараттар көп салынуда. Мәселен, Алматы, Қостанай, Орал және басқа қалаларда барлық жеке сектордағы үйлер де табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ал Астанадағы жеке үйлерді газбен қамту мәселесін шешетін уақыт келген жоқ па?

- Қазір ол мәселе шешіліп жатыр. Астанаға газ құбырын тарту жөнінде шешім қабылданды. Көгілдір отын Батыс Қазақстаннан келеді. Сонымен қатар менталитетімізге де назар аударғанымыз жөн. Кішкентай мәселелер де әр адамға байланысты. Қаланың ластануына жеке адамдардың қосатын үлесі көп. Барлығы шылым шегуден басталады. Жер жүзінде қаншама адам темекі тартады? Соның барлығының түтіні ауаға тарап жатыр. Ал біз «Фабрика, зауыттар ауаны ластайды!» деп айқайлаймыз да, көп байқалмайтын зиянды білмей жүрміз. Мен темекі тартуға заңмен шектеу қоюға бастама көтерген депутаттарды қолдаймын. Әрбір тартылған темекі сол адамның өкпесіне ғана зиян келтірмейді, ауаға қаншама көмір қышқыл газын шығарады?! Оның сыртында күн сайын маңайымызға қанша кір-қоқысты қалдырамыз?!

Мен Германияда тұратын інім Вячеславтың үйіне барғанымда бір жайтты көрдім. Тас төселген шағын алаңқайда бір автокөлік тұрды. Ол көрші үйге келген екен. Кеткен соң, асфальтқа аздаған май тамып қалғаны байқалды. Мен оған онша мән бере қойған жоқпын. Жергілікті немістердің бірі телефон шалған екен, жарты сағаттан соң біздің өрт сөндіргіш секілді машина келді. Ол экологиялық полиция екен. Көліктің кімге келгені анықталды, оған айыппұл жазып берген соң, май тамған асфальтты арнайы щеткаларымен, түрлі тазалағыштарды пайдаланып жуып, тап-таза қылды. Ал інім: «Үй иесіне мүмкін 200-250 еуро айыппұл жазып берген шығар. Келер жолы ол өзіне бір машина келсе, ол асты-үстін тексеріп, жолға дейін шығарып салатын болады»,- дейді. Сонымен бірге тазартуға келген көліктің шығынын да әлгі үй иесі төлейді. Міне, жауапкершілік деген - осы.

Және бір қызық жайтқа куә болдым. Інімнің бір көршісіне барып едім, ол үстелге Испанияның алмасын қойды. Дәмді екен, жеп алдық. Өзінің ауласында тамаша алма ағашы өсіп тұр. Мен «Ганс, құрмет көрсеткеніңе рақмет. Бірақ өз аулаңдағы керемет ағаштарда өсіп тұрған алмаларыңды неге ұсынбадың?» деп сұрадым. Ол: «Шын ниеттіммен ұсынар едім. Бірақ бере алмаймын. Өйткені олардың экологиялық сапасы анықталмаған», - дейді. Мұның жөнін сұрағанымда, ол: «Жауған жауынның қандай екенін білмеймін, жел алып келген шаң-тозаң қонған шығар. Егер мен сені сол алмамен тамақтандырсам, сенің асқазаның ауырып, бір жағдай бола қалса, мен сақтандыру ақысын төлеуге тиістімін. Ал испандық алманы беріп отырған себебім, олардың сертификаты бар. Егер бір жағдай орын алса, олар жауап береді»,- деді. Міне, менталитет деген қандай! Әрбір мәселеге олар экологиялық тазалық тұрғысынан келеді! Және барлық жерде солай.

Германияда бәрі де есептеулі. Олар «Біз әзірге бөлмедегі ауаны есептей алмай жүрміз, оның есептегіш құралы жоқ. Одан басқаның бәрі бізде бақылауда тұрады», - дейді.

- Біздің қалаларымызда тұтынуға да, унитазға да бірдей суды пайдаланамыз. «Судың да сұрауы бар» дегендей, келешекте таза сумен қатар техникалық су жүретін құбырдың да болғаны жөн шығар. Қалай ойлайсыз?

- Әрине. Бұл - толғағы жетіп жүрген мәселе. Германияда үйге келіп тұрған судың барлығы техникалық мақсатқа пайдаланылады. Оларда ауыз су - тауар. Дүкенде сатылады. Дегенмен техникалық судың өзі санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Олар: «Краннан су ішуге болмайды», - дейді. Алайда, краннан су ішіп, ауырған адам және жоқ.

Ал шетелде үнемдеуді жақсы біледі. Мәселен, дәулетті елдің бірі - Швейцарияда ет сүйексіз сатылады. Мал сойылған соң, еті бөлек алынып, сүйектері ұнтақталады да, құстарға азық ретінде жіберіледі. Ештеңені далаға лақтырмайды.

Әйгілі «Sony» корпорациясының негізін қалаушының бірі Акио Морита жаңа транзисторды құрастырғанда энергияны 10 есе үнемдеуді мақсат тұтқан. Оның транзисторы бұрын болған радиоқабылдағыштан гөрі қуатты бірнеше есе аз қажет еткен. Ол энергияны үнем жасайтын құралдарды ойлап тапқан.

Соңғы жылдары инновацияның барлық жетістіктерінің негізінде энергия ресурстарын үнемдеу тәсілі жатыр. Сенің ойлап тапқаның энергияны сәл-пәл аз тұтына ма, сен бәсекелестеріңді жолда қалдырасың. Министрлер келіп өз бағдарламаларын айтқан кезде, мен оларға: «Барлық жобаларға негізгі екі-үш талап бойынша қараңыздар: қанша материал жұмсалады, қанша ресурстар шығындалады? Және де бағасына мән беріңіздер?», - деймін.

- Кейбір адамдар сән үшін қалада «Хаммер», «Джип» машиналарын мініп жүреді.

- Ол үшін адамның қалтасында артық ақшасы көп болуы керек. Бірдей қашықтықтағы жерге жеңіл көлікпен барудың орнына екі есе шығын шығарудың қажеті бар ма деп адамдар неге ойламайды екен?

- Ал шаруа қожалықтары үшін дала жолында ірі машинаны айдап жүргені жөн шығар?

- Фермерлер де шығыны көп көлікке жоламайды. Оның сыртында қазір біздің нарыққа келіп жатқан ауыл шаруашылығы машиналарының энергияны пайдалануы анағұрлым аз. Сонымен қатар олар топыраққа көп салмақ түсірмейді. Ауаға шығаратын зиянды қалдықтары да аз. Біз қазір неге жекеменшік ұшағымызбен Еуропаға бара алмаймыз? Өйткені экологиялық шығарындыға өте қатал шектеу қойылған. Ертең автокөлікке де сондай тосқауыл жасалады. Оның арғы күні адамдарға шектеу жасалуы мүмкін. Ол ол ма, біз қазір өз менталитетімізбен Сингапур секілді елге бара қалсақ, көшеде жүріп банан қабығын лақтырып, шекілдеуік шағып, қақырып-түкіретін болсақ, о-хо, ондай елге ақшаңды қапшықпен ала баруың керек! Ақша төлеп үлгермейсің. Кез-келген жерге қағаз не қоқыс лақтыра салдың ба, саған 20 доллар айыппұл салды делік. Темекі тартуға болмайтын жерде шылым шектің бе, 50 доллар төлеуің керек. Сол сияқты жасаған қылықтарыңа айыппұл төлеуден көз ашпауың мүмкін.

Германияға барғанымызда бір оқиға болды. Үлкен тас жолда келе жатқанымызда, шағын автобустың артқы жағында отырған жас жігіттің бірі сыраны ішіп, банкісін автобанның шетіндегі орманға лақтырып жіберді. Біраз жүріп жол айырығына келгенімізде кенеттен полиция тоқтатты. Жалпы, Германияда ешбір жерде полиция көзге көрінбейді. Тәртіп бұзбасаң, ешуақытта тоқтатпайды. Полиция: «Сіздер экологиялық заңды бұздыңыздар!» - дейді. Қалай тәртіп бұзғанымызды сұрасақ, «Рұқсат етілмеген жерге сыраның банкісін тастадыңыздар», - деп 40 еуро айыппұл салды. Бұл аз ақша емес. Мен жүргізушіден «Айдалада сыраның ыдысын тастағанын полиция қайдан білді?» деп сұрадым. «Біздің жылдамдық деңгейінде артымызда бір қария келе жатқан еді. Ол көліктің терезесінен қоқыс лақтырылғанын көрген бойда, полиция бөліміне телефон шалып, машинаның номерін, нешінші шақырымда тәртіп бұзғанын айтып берген болуы керек» деді. Егер ол қылығыңды мойындамасаң, олар тәртіп бұзғаныңды дәлелдеп береді, полиция әлгі жерге барып, банкіні тауып алады. Алайда, төлейтін ақшаң бірнеше есеге артады. Сондықтан қарсыласудың керегі жоқ.

- Бүгінгі тақырыпты қандай оймен түйіндер едіңіз?

- Дамыған елдердің экологиялық заңдылықтарды сақтау тәжірибесін біз де үйренуіміз керек. «Жарайды, ештеңе етпес» деп немқұрайлы жүре беруімізге болмайды. Егер мұндай пен тәртіпке үйренбесек, өркениетті ел деңгейіне көтеріле алмаймыз. Германияға қарағанда, бүгінгі таңда Сингапур, Жапония елдерінің тәжірибесі тіптен жақсырақ. Олар мемлекетті саябаққа айналдырған. Мысалы, Сингапурды алсақ, бұрын өзендері лас болған, қалалары да көріксіз болды. Санаулы жылдардың ішінде жасыл желекті қалаға айналдыру міндетін алға қойды да, адам таңғаларлық нәтижеге қол жеткізді. Нағыз экологиялық менеджмент. Қалалар баққа айналды.

- Ал бізде ондай ұмтылыс бар ма?

- Бар, әрине. Айталық, Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы. Мен оны Еуразиялық кеңістіктегі керемет бағдарламаның бірі деп айтар едім. Осы жобаны қолдауымыз қажет. Ол ештеңе жоқ жерде қандай тәсілмен орман өсіруге болатынын көрсетіп берді. Қазіргі өсіп келе жатқан жасанды орман алқабын табиғи орманмен қосқан кезімізде, Қазақстан халқының қолымен жасалған ең бір тамаша тірі ескерткіш болады! Жасанды орман, бұл - біздің Президентіміздің идеясы бойынша жүзеге асқан экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы ғажайып жоба.

- Экология мәселелері жөнінде қызықты әңгіме өрбітіп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Еліміз өркениет жолында жетістіктерге жете бергей!