Даниал Ахметов: Барлық мектепте IT-сыныптар ашқан жалғыз өңірміз

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей қаласының тұрғындарымен кездесіп, білім мен тұрмыс сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат Семей қаласының ақпараттық орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

Даниал Ахметов: Барлық мектепте IT-сыныптар ашқан жалғыз өңірміз

«Өмір сапасы дегеніміз не? Ол дегеніміз асфальт төселген көшемен жүру, балалардың жақсы мектептерде білім алуы. Облыстағы барлық мектептерде IT-бағдарламалау сыныптарын ашқан еліміздегі алғашқы өңірміз. Бұл үлкен нәтиже беріп жатыр. Біз ұлттың бәсекеге қабілеттілігін айтқан кезде, бәсекеге қабілетті ұлт – біздің балаларымыз екенін түсінуіміз керек», - деді Даниал Ахметов.

Өңір басшысы хабарлағандай, келесі жылдан бастап IT-бағдарламалау сыныптарының барлық мұғалімдері әлемдік талаптарға сай білім алады. Демек, оқушылар да Лондон мен АҚШ-тағыдан кем білім алмайды.

«Елімізде 11 оқушыға бір компьютерден келеді, ал бізде – алтаудан. ШҚО-да IT-бағдарламалау сыныптарының 70% ашылған. Біз әрі қарай дамып, келесі жылы оқытушылардың дайындығын халықаралық стандартқа шығаруымыз керек», - деп түйіндеді Ахметов.