Дания Еспаева бюджет жөнінде: 2027 жылдың бастапқы кезеңі әлі де күрделі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды. Осы орайда Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева 2027 жылдың бастапқы кезеңі әлі де күрделі күйінде қалып отырғанын айтты.
- Бүгін біз 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қараймыз. Жаңадан құрылған Құрылтай үшін бұл – бірінші бюджеттік кезең және ең жауапты заңнамалық процестердің бірі десек артық болмайды. Бюджетті қарау кезінде қабылданатын шешімдер елдің дамуын үшжылдық кезеңнен әлдеқайда ұзақ уақытқа айқындайтын болады. Инфрақұрылым, мемлекеттік инвестициялар, қарыз міндеттемелері, әлеуметтік бағдарламалар, Ұлттық қор бойынша шешімдер алдағы ұзақ жылдарға әсерін тигізеді. Сондықтан, біздің міндетіміз – бюджет жобасын барынша терең, кәсіби тұрғыдан және жауапкершілікпен қарау. Құрылтайға жаңа Бюджет кодексінде көзделген едәуір көлемді материалдар ұсынылды. Бұл бізге тікелей кірістер мен шығыстарды ғана емес, одан да кеңірек – бүкіл мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді. Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын ерекше атап өткім келеді, - деді Д. Еспаева.
Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палатаның ұсынылған қорытындысында шынайы макроэкономикалық алғы шарттардан бастап инвестициялық жоспарлау сапасына дейінгі елеулі мәселелер көтерілген.
- Сондықтан біздің міндетіміз – алдын ала қалыптасқан позицияны растау емес, дәлел-дәйектерді, есеп-қисаптар мен нақты деректерді салыстыру. Бюджет жобасында маңызды мәселе көтеріліп отыр. 2027–2029 жылдар тапшылықты азайту және мұнай қаражатына тәуелділікті біртіндеп төмендету арқылы неғұрлым қатаң бюджеттік бағытқа көшу кезеңі ретінде мәлімделген болатын, алайда 2027 жылдың бастапқы кезеңі әлі де күрделі күйінде қалып отыр, - деді вице-спикер.
Оның сөзіне қарағанда, Құрылтайдың мақсаты – мәселені тек сынау емес, оны анықтап, шешуге үлес қосу. Кәсіби Құрылтайдың бақылауы одан да кеңірек болғаны абзал – егер бір мәселені көтерілсе, оны шешудің ықтимал жолдарын да ұсынған жөн.
- Үкіметтен де осындай жұмыс тәсілін күтеміз. Депутаттардың күрделі немесе қолайсыз сұрақтарын қарсылық ретінде қабылдамау керек. Егер депутаттарда есептеулерге, шығыстардың тиімділігіне немесе көрсеткіштерге қол жеткізуге қатысты күмән туындаса, біз бұған тұшымды жауап күтеміз, яғни неліктен дәл осындай шешім қабылданды, қандай балама жолдары бар, қандай нәтиже күтіледі және ол үшін кім жауап береді? Бірінші оқылымға дейін біз макроэкономикалық алғышарттар мен бюджеттің кірісін, Ұлттық қорды, тапшылық пен мемлекеттік қарызды, орталық мемлекеттік органдардың шығыстарын, мемлекеттік инвестицияларды, бюджетаралық қатынастарды, квазимемлекеттік секторды, бюджеттен тыс қорларды және мемлекеттік қаржының тұрақтылығына әсер ететін басқа да мәселелерді жүйелі түрде қарастырамыз, - деді Дания Еспаева.
Жақында үш жылдық бюджет жобасы Құрылтай қарауына енгізілгенін жазған едік.