Данияда 2012 жылдан бергі ең күшті жер сілкінісі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Дания астанасы Копенгаген маңында магнитудасы 3,9 болатын жер сілкінісі болды.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Копенгагеннен оңтүстікке қарай шамамен 28 шақырым жерде орналасқан. Жерасты дүмпулері күннің екінші жартысында тіркелген.
Жер сілкінісі тек Дания аумағында ғана емес, көршілес Швецияда, соның ішінде Мальмё қаласында да сезілген.
Копенгаген полициясына тұрғындардан көптеген қоңырау түскен. Сейсмологтардың айтуынша, бұл оқиға Скандинавия елдері үшін айтарлықтай сирек құбылыс саналады және мамандардың ерекше назарын аударған.
Сондай-ақ жерасты дүмпулері Фюн аралындағы Оденсе қаласында да сезілуі мүмкін екені хабарланды.
Билік өкілдері зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді. Алайда әлсіз афтершоктар болуы мүмкін екенін жоққа шығармай отыр.
Айта кетейік, бұл Дания өңірінде 2012 жылдан бері тіркелген ең күшті жер сілкінісі болды.
Бұған дейін Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінгені хабарланды.