Данияда Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегіне 10 мың көрермен жиналуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Даниялық боксшы Якоб Банк Жәнібек Әлімханұлымен өз елінде жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.
— Әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізу — бала кезімнен бергі ең үлкен арманым. Алайда бұл айқасты Данияда өткізу одан да үлкен арман. Оның жүзеге асу мүмкіндігі жоғары деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін Колдингте 4 мың көрерменнің алдында жұдырықтастым. Бірақ бұл жекпе-жекке екі есе көп көрермен жиналатынына сенімдімін. Сондықтан шамамен 10 мың адам сыятын арена қажет болуы мүмкін. Бұл жекпе-жектің промоутерлер үшін де экономикалық тұрғыдан тиімді болуы маңызды. Дегенмен, бұл мәселе толықтай менің қолымда емес, — деді Банк.
Бұл туралы Якобтың промоутері Каспер Хольгерсен де пікір білдірді.
— Қазірдің өзінде шетелде телетрансляция құқығын қаншаға сатуға болатынын, Даниядағы трансляция құқықтарын қалай пайдалануға болатынын және бүгін түнде жасаған бюджетімізге сәйкес келетін қандай ареналар бар екенін анықтап жатырмыз. Мен кемінде 5 мың көрермен сыятын арена тапқым келеді. Бірақ ол тым үлкен болмауы керек, әйтпесе залды толтыра алмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан қаржылық жағынан қолжетімді әрі толықтай көрерменмен толтырып, керемет атмосфера қалыптастыруға болатын арена қажет, — деді ол.
Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы жекпе-жекте WBO нұсқасы бойынша суперорта салмақтағы бос тұрған әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Бұған дейін қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегін жеңіліп көрмеген даниялық боксшы Якоб Банкке қарсы өткізуі мүмкін екенін хабарланған болатын.