Данияр Елеусінов пен медиа-боксшы рингке шыға ма - федерация пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков актер Еркебұлан Тоқтар мен қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов арасындағы ықтимал жекпе-жекке қатысты пікірін айтты.

Елеусинов
Фото: Sports.kz

Әлеуметтік желілерде Еркебұлан Тоқтар мен Данияр Елеусінов арасындағы болуы мүмкін айқас тақырыбы кеңінен талқыланып жатыр. Бұл жекпе-жек туралы мәселені соңғы уақытта Данияр Елеусіновтің өзі жиі көтеріп жүр.

Рахымжан Ерденбеков бұл жағдайда спорттық бәсекеден гөрі коммерциялық мүдде басым болуы мүмкін екенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай кездесулерде екі түрлі ұғымды ажыратып алу қажет.

«Біріншісі – спорттық мүдде. Екіншісі – коммерциялық мүдде. Менің ойымша, бұл жағдайда екі тарапта да коммерциялық қызығушылық басым. Себебі бокс шеберлігі жағынан Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтардан әлдеқайда жоғары. Егер жекпе-жек таза бокстың ережесімен өтсе, жеңіс Елеусіновке тиесілі болады. Мен Тоқтардың жекпе-жектерін көрдім. Оның деңгейі әзірге Елеусіновке сәйкес келмейді», – деді ҚКБФ президенті.

Федерация басшысы кәсіпқой боксшылардың бокспен кәсіби айналыспайтын адамдармен жекпе-жекке шығуын қолдамайтынын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай кездесулер спорттың мәнін төмендетуі мүмкін.

Сондай-ақ Рахымжан Ерденбеков медиа-боксшылар мен кәсіпқой боксшыларды бөлек лигаларға бөлу қажет екенін айтты. Бұл екі бағыттың ережесі мен мақсаты әртүрлі болуы тиіс.

Ал Данияр Елеусіновтің кәсіпқой рингтегі ірі жекпе-жектеріне келсек, ҚКБФ президенті бұл мәселе федерацияға емес, спортшының промоутерлеріне байланысты екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, жазда Данияр Елеусіновтің жаңа бокс промоушенімен келісімшарт жасағаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум