Дәретханада босанған 30 жасар ақтөбелік әйелдің сәбиі нәжіске батып өлді
АҚТӨБЕ. 13 тамыз. ҚазАқпарат - 30 жасар ақтөбелік әйел абайсызда жекеменшік тұрғын үйдің ауласындағы дәретханада босанып қалды. Бала тереңдігі 2 метр дәретхана ұрасына батып кетті.
ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, әйелдің жүктілік мерзімі 35 апта болған. Жедел медициналық көмек бригадасының хабарламасымен оқиға орнына жедел тергеу тобы келді. Әйелдің мас болғаны, 64 жастағы ер адаммен тұрып жатқаны анықталды. Аталған жұп нашар отбасы ретінде учаскелік полиция инспекторының есебінде тұрған.
Полицейлер дәретхана ұрасынан кішкентай қыз баланың мүрдесін алып шықты. Қазіргі кезде бала өлімінің себептерін анықтау мақсатымен сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.