Дәрігерлер Альцгеймер мен деменцияны ажырата алмайды — Жібек Жолдасова
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Kazinform тілшісі дәрігер-психиатр, медицина ғылымдарының кандидаты, Невроздар мен Альцгеймер ауруын емдеу орталығының басшысы Жібек Жолдасовамен сұхбаттасты.

Қазір жасына жетпей жаңғалақтық, ұмытшақтық, дегбірсіздік сияқты ахуалға душар болғандар көп. Деменция, Альцгеймер дейтін дертке шалдыққандар саны артып барады. Альцгеймер — өте қауіпті, себебі ол жүйке жүйесінің прогрессивті ауруы. Ол адамның ақыл-ой қызметін бұзады. Аталған дерттің алғашқы белгілері қандай, алдын алуға бола ма, қандай препараттар қолданылады? Дәрігер осы сұрақтар төңірегінде ой бөлісті.
— Альцгеймер ауруы — емі жоқ дерт. Оның себебі неде?
— Бізде емі жоқ дерт өте көп. Мысалы, қант диабеті, эпилепсия, склероз, гипертония. Өкінішке қарай, Альцгеймер осылардың қатарында. Толық емделмейді. Алайда, аурудың дамуын баяулату немесе симптомдарды жеңілдетуге болады. Ол үшін дәрі-дәрмек қолданылады. Препараттар тегін. Одан бөлек, қазір деменция мен альцгеймер ауруын емдеуге арналған 128 түрлі дәрі клиникалық зерттеу сатысында. Алдағы 5-10 жылда жаңа препараттарға қол жеткіземіз деп ойлаймын. Альцгеймер ауруын емдеу психикалық бұзылыстарды түзетіп, денені жалпы шынықтырудан, мидағы метаболизмді реттеуден, тамырларды нығайтудан тұрады.

— Жас ұлғайғанда еске сақтау қабілетінің нашарлауы — кәріліктен емес пе?
— Иә, бір қарағанда қартайған адамның бәріне тән ортақ белгі боп көрінуі мүмкін. Алайда, олай емес. Керісінше, қартайған адамның жады, ойлау жүйесі жақсы болуы тиіс. Өйткені жинаған тәжірибесі, білімі мол болғандықтан ақпаратты есте сақтауы әлдеқайда жақсы болуға тиіс. Британ ғалымдарының зерттеуіне сенсек, ғалымдардың ең өнімді, еңбек мол жазатын шағы — 60-80 жас аралығы екен. Яғни, қарт адам керісінше ақыл-ой еңбегіне бейім келеді. Сондықтан қарт адамға қартайды, ақыл-есі ауысты, бұл заңды деп қарамау қажет. Альцгеймерде жағдай басқаша.
— Аурудың клиникалық сипаттамасы және симптомдары қандай болады?
— Альцгеймерге шалдыққан адамның бастапқы белгілері мыналар: сөзді ұмытып қалу, керек сөзді есіне түсіре алмау, сөздің мағынасын шатастырып айту. Мұндай адамның әсіресе лексиконы — сөздік қоры азайып кетеді. Күнделікті қолданып жүрген сөздерінің өзін ұмытып қалуы мүмкін. Сондықтан синонимдерді ауыстырып, алмастырып қолдана береді. Кейбірінің мағынасы сәйкес келмесе де, бір-біріне ұқсас, туыстас сөздерді қолданады. Тілінің ұшында, миында тұрған сөзді жеткізе алмай қиналады. Сөйлеу үшін біраз уақыт қажет болады. Ауру өршіген кезде сөз қоры таусылып, сөйлеуден қалады. Тіпті, өзінің жасын, балаларының есімін де есіне түсіре алмайды.

— Аурудың алдын алуға бола ма?
— Алдын алу үшін оның дамуының қауіп факторларын білу қажет. Альцгеймерге алып келетін дәлелденген 14 фактор бар. Мысалға, қан қысымы, қант диабеті, семіздік, депрессия, әлеуметтік оқшалану, яғни ешкіммен сөйлеспеу, ми-бас жарақаты, темекі шегі, ішімдік ішу, белсенді өмір салтын ұстанбау, білімнің төмендігі, сауатсыздық, жоғары холестерин, көздің нашар көруі, созылмалы аурулардың алдын алмау, асқындырып жіберу. Деменцияның өрушіне осылар алып келеді. Ауруға шалдыққан науқастардың 40 пайызы жоғарыда аталған аурумен ауырғандар. Тұқым қуалай ма, дегенге келер болсақ, иә, қуалайды. Бірақ, сирек кездеседі. Альцгеймер ауруы 5-7 жыл бойы сезілмей жасырын жүре береді, сосын алғашқы белгілері шыға бастайды, оны науқастың өзі мен жақындары бірден байқайды.
— Соңғы кезде дәрігерлер аурудың жасарып бара жатқанын айтып, дабыл қағып жатыр…
— Ауру қатты жасарып кетті деп айта алмаймын. Қазір дәрігерлер аурудың әртүрлі формасын дер кезінде анықтай бастады. Зерттей келе тұқым қуалайтыны белгілі болды. Әдетте ауру 65 жастан кейін басталады, бірақ мың адамның ішінен біреуінің ауруы жас кезінде басталады. 40 пен 50 жастағылардың арасынан деменция, альцгеймер ауруының белгілері табылып жатыр.
— Өзіңізден ем қабылдап жүрген науқастардың жасы нешеде?
— Пациенттерімнің ішінде ең жасы үлкені — 104 жаста. Ол адам деменцияға қарсы ем қабылдайды. Маған 98 жасынан бастап қаралып жүр. Жағдайы бірқалыпты. Жастар да кездеседі. Жоғарыда атап өткенімдей, тұқым қуалап ауырғандар. Мысалы, сондай сырқаты бар отбасының ұрпақтары 40 жаста ауруға шалдығып, өкінішке қарай 47-50 жасында о дүниелік болады.

— Статистикаға тоқталып өтсеңіз?
— Елімізде альцгеймерге шалдыққандардың саны — екі мың адам. Мәселен, Қазақстанда 2,5 млн қарт кісі тұратын болса, онда деменцияға шалдыққандардың саны шамамен 200 мың болуы керек. Алайда, осындай диагноз қойылған науқастардың саны 10 мыңға жуық. Неге? Өйткені жергілікті жерлерде диагноз дұрыс қойылмайды. Дәрігерлер деменция мен альцгеймер ауруының формасын ажырата алмайды. Деменцияның сатысын анықтай алмайды. Дәрігерлер аурудың белгілерін нақты анықтап, порталға енгізуді және спецификалық антидементті терапия жасауды үйренуі керек деп ойлаймын. Сондықтан бізде альцгеймер немесе деменция ауруынан қайтыс болды деген қорытындыны ешкім шығармайды. Бізде осы аурудан көз жұмған қарт кісілердің нақты саны жоқ. Өкінішті.
— Қандай препараттар қолданылады, жеткілікті ме?
— Науқастар екі препаратты емханадан тегін ала алады. Донепезил — аурудың жеңіл түріне арналған дәрі. Ал Мемантин орташа және ауыр түріне беріледі. Невропатолог дұрыс диагноз қоя білуі шарт.
— Бір науқастың еміне қанша қаржы жұмсалады?
— Бұл сұраққа жауап беруге қиналып отырмын. Өйткені, бізде шығынды ешкім есептемейді. Мемлекеттің екі препаратты қаншадан сатып алатынын білмеймін. Науқастар дәрілерді үнемі ішіп отыруы керек. Мемантинді күніне екі рет, донепезил препаратын тәулігіне бір рет ішу қажет. Бізде ресми түрде тегін дәріні деменцияға шалдыққандардың екі пайызы ғана алады.

— Альцгеймерден ада болу үшін не істеу керек?
— Альцгеймерге шалдыққан науқасты толықтай қалпына келтіруге бүгінгі медицина әлсіз. Сондықтан бұл аурудың алдын алу өте маңызды. Ол үшін мына талаптарды сақтаған жөн: салмақты бір қалыпта ұстау, көбірек қозғалу, ұйқыны қандыру, қан қысымын бақылау, дәрі-дәрмекті көп ішпеу, салауатты өмір салтын ұстану. Альцгеймер ауруына шалдыққыңыз келмесе, яғни алжығыңыз келмесе, қазірден бастап көп қимылдап, миыңызды да жұмыс істету қажет. Біліміңізді жетілдіріп, миға тыным бермесеңіз. Егер жақын адамыңыздан ұмытшақтық байқасаңыз, дереу дәрігерге қаратыңыз. Сонымен қатар, өз құқығыңызды біліңіз. Емханадан тегін дәрі алуға, жақыныңыздың жағдайы мүшкіл болса, мүгедектік белгілеуге құқылысыз. Өйткені көп жағдайда мүгедектік беруден бас тартып жатады. Тіпті, сол науқасқа қарайтын адамдарға да арнайы әлеуметтік төлем қарастырылған.