Дәрігерлер Атырауда отадан кейін көз жұмған қыздың Астанаға неге жеткізілмегенін түсіндірді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда мұрнына жоспарлы ота жасалғаннан кейін жағдайы күрт нашарлаған 16 жастағы қызды санавиациямен Астанаға жеткізуге оның бас миының ісінуі мүмкіндік бермеген. Бұл туралы Атырау облыстық балалар ауруханасының басшысы Альмира Сабырғалиева түсіндірді.

аурухана, больница, медицина, дәрігер, врачи, операция
Фото: Александр Павский / Kazinform

Жоспарлы ота шамамен 20 минутқа созылып, одан кейін науқас ояту палатасына жатқызылған. Аурухана басшысының сөзінше, отадан кейін қыздың мұрнына қан тоқтату үшін тампон қойылған. Ол наркоздан кейін есін жиып, өздігінен дем ала бастаған кезде тыныс алу түтігі алынған.

— Медбике сол жерде баланың жағдайының нашарлағанын көрген. Дәрігер шақырған. Алғашқы реанимациялық көмек көрсетілді. Баланың мұрнынан кетіп қалған тампонды анықтап, оны алуға уақыт керек. Жалпы тыныс жолына әрбір секунд қымбат. Сол кезде баланың миына зақым келіп тұр, — деді аурухана басшысы.

Тампон тыныс алу жолына түсіп, өкпеге барған. Соның салдарынан өкпе мен ми арасындағы оттегі алмасуы бұзылып, кейін бас миының ісінуі пайда болған. Дәрігерлердің сөзінше, мұндай жағдайда науқасты қозғалтудың өзі қауіпті.

— Науқастың жағдайына байланысты, яғни бас миының ісінуі болғандықтан баланы орнынан қозғау болмайтын жағдай туындады. Себебі ісік қозғалған сайын ұлғайып кетеді. Тікұшақпен жоғары қысыммен көтерілген кезде қарама-қайшылық болады, — деді Альмира Сабырғалиева.

Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы бұған дейін жасөспірімнің өліміне қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

Еске салайық, 16 жастағы қыздың мұрнындағы артық етті алу мақсатында тамыз ойының ортасында жоспарлы ота жасалады. Алайда науқас 7 қыркүйек күні көз жұмған.

Қазір оқиғаның мән-жайы, медициналық көмектің дер кезінде көрсетілген-көрсетілмегені және оның сапасы, сондай-ақ туындаған асқынулардың себептері жан-жақты зерделеніп жатыр.