Дәрігерлерді қолдау тетіктері қандай нәтиже берді
АСТАНА. KAZINFORM —Еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінде кадр тапшылығы мәселесі толық шешілді ме? Осы мәселеге қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті түсінік берді.
Кейінгі жылдары атқарылған жұмыстар дәрігерлерге деген қажеттілікті 20,4%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша дәрігерлер тапшылығы 3 869,5 штаттық орынды құрады. Мәселен, 2024 жылы - 3 986, 2023 жылы 4 863 дәрегер тапшылығы болған.
- Бұл ретте ауылдық жерлердегі дәрігерлер тапшылығы 28,3%-ға төмендеді. 2025 жылы ауылдарда 803,5, 2024 жылы – 932, сондай-ақ 2023 жылы 1 121 маман жетіспеген еді, - деп жазылған ведомство деректерінде.
Сонымен қатар, медициналық кадрлардың сыртқа кету жағдайы жыл сайын төмендеп келеді. Бұл ретте 2023 жылы 429 маман басқа елге бет түзесе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 186-ға дейін төмендеді.
- 2023 – 2025 жылдар кезеңінде практикалық денсаулық сақтаудың қажеттіліктеріне сәйкес, 6205 жас маман жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 1 232 маман ауылдық медициналық ұйымдарда еңбек қызметін бастады (2023 жылы – 322 адам, 2024 жылы – 370 адам, 2025 жылы – 540 адам). Алдағы жоспар кадр тапшылығын қысқартуға, мамандарды нысаналы даярлауға, медицина қызметкерлерін ұстап қалу жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға, оның ішінде кәсіби бейімдеу мен тәлімгерлікті дамытуға бағытталады, - дейді ведомство өкілдері.
Дәрігерлерді қолдау тетіктері
- Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мәселелерінің бірі - медициналық кадрлардың тапшылығы. Осыған байланысты соңғы жылдары медицина қызметкерінің мәртебесін арттыру мақсатында Үкімет тарапынан бірқатар пәрменді заңнамалық шаралар қабылданып, медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық қорғау жүйесі жетілдірілді. Соңғы үш жылда әлеуметтік қолдау шараларымен 2 556 медицина қызметкері қамтылды (2023 жылы – 263, 2024 жылы – 796, 2025 жылы – 1 760). 2025 жылы кемінде бес жыл мерзімге ауылдық жерге жұмыс істеуге келген аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне ең төмен жалақының (ЕТЖ) 100 мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді 529 маман алды (2024 жылы – 254 маман), - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұдан бөлек, республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (АЕК) мөлшерінде көтерме біржолғы төлемдер жүзеге асырылды. Аудан орталықтарына келген мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 2 500 АЕК-ке дейін, басқа ауылдық елді мекендерге келген мамандарға 2 000 АЕК-ке дейін бюджеттік несие берілді. Медицина қызметкерлерінің балалары үшін мектепке дейінгі ұйымдардан орындар беріліп, көлік шығындары өтелді. Сонымен қатар, әскери қызметті медициналық мамандық бойынша өткеру немесе әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Мұнымен қоса, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру денсаулық сақтау ұйымдарының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
- Денсаулық сақтау жүйесінің стратегиялық міндеттерінің бірі - өңірлік медициналық ұйымдар базасында кәсіби бейімдеу және тәлімгерлік орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Орталықтар жас мамандарды бейімдеу, тәлімгерлік ету, кәсіби құзыреттерін жетілдіру және психологиялық қолдау көрсету арқылы кешенді қолдау мен кәсіби дамуды қамтамасыз етеді. Қазіргі кезеңдегі негізгі міндет - тек тартылған мамандардың санын арттыру ғана емес, сонымен қатар оларды нақты аумақтарда, әсіресе медициналық кадрлардың аса тапшылығы бар аудандар мен ауылдарда тұрақты бекіту, - деп аталып өткен комитет ақпаратында.
Жыл сайын «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы беріледі және 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем жүзеге асырылады (2024 жылы – 3 дәрігерге, 2025 жылы – 9 дәрігерге). Республикалық «Өз кәсібінің үздігі» конкурсының жеңімпаздарына 500 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі (2024 жылы – 16 жеңімпаз, 2025 жылы – 17 жеңімпаз, 2026 жылы – 17 жеңімпаз).
Қазіргі кезде медицина саласында 280 000-нан астам маман қызмет етіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін әскери медицинаның ардагері «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алғанын жазған едік.